Елімізде коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген төтенше жағдай мерзімі биылғы жылғы 11 мамырда аяқталды. Алайда шектеу шаралары біткен жоқ. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің төрағалығымен тиісті мекеме басшыларының қатысуымен тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша жиналыс ұйымдастырылды. Сақтық шараларын тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Төтенше жағдай бітті деп шымкенттіктердің көпшілігі масканы шешіп тастап, халық көп жиналатын орындарға баруын тоқтатар емес. Алайда, естеріңізге сала кетейік, елімізде карантин шаралары әрі қарай жалғаса береді. Енді тіптен екі есе сақтық шараларын ұстанған жөн. Осы орайда, Шымкент қаласында адамдардың денсаулығы қатаң бақылауға алынып, шектеу шаралары сақталады. Өйткені, коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі сейілмей тұр. Бұл ретте қала тұрғындарының адамдар көп жиналатын жерге бармағандары дұрыс. Барлық дүкендер мен кәсіпорындар, қоғамдық көліктер барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауы тиіс.
Ширатып айтсақ, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес Шымкент қаласының аумағында 11 мамыр сағат 00:00-ден бастап, 2020 жылдың 25 мамыр 07:00-ге дейін карантин режимі ұзартылған болатын. Оған дейін қала аумағында тұрғындар түсіндірме жұмыстарына орай талаптарды сақтауға міндетті.