Үшінші мегаполисте вирусқа қарсы күрес жұмыстары жалғасуда. Қала әкімдігі шаһардың тазалығы мен эпидемиологиялық жағдайын өз бақылауына алған. Осы ретте көзге көрінбейтін жаумен күрес нәтижесін беріп келеді. Мәселен соңғы екі тәулікте қалада коронавирус инфекциясынан 20 науқас жазылып, ауруханада шығарылды. Дертінен сауыққандардың басым бөлігі 30 жасқа дейінгі жастар. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Қауіпті індетті жеңіп шыққандардың ішінде екі айлық сәби бар. Дәрігерлер нәрестеден коронавирус инфекциясын дер кезінде анықтаған. Нәтижесінде екі айлық қыз баласын емдеу кезінде асқынулар болмады дейді дәрігерлер.
Сондай-ақ медицина мамандары сәбидің анасы мен әкесінен де коронавирус инфекциясын анықтап, емдеу шараларын жүргізді. Екі аптаға жуық дәрігерлердің бақылауында болған отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды.
Айта кетейік, бүгінге дейін қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасынан коронавирус инфекциясына шалдыққан 207 науқас дертінен айығып шықты. Қауіпті індетпен күресіп жатқан медицина мамандарына да барлық жағдайлар жасалуда. Ыстық тамақ, жатар орын және еңбектеріне сай оларға үстемақы төленуде.