Шымкенттегі ауыл шаруашылық және өндіріс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Олар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына көптеп үлесін қосуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов үшінші мегаполистегі ірі кешендердің тынысымен танысу жұмысы қаланың Жібек Жолы көшесі бойында орналасқан «Рахат-Шымкент» ЖШС кондитер өнімдерін өндіретін нысанмен жалғасты. Бұл кондитерлік фабрикада 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар жылына 3,5 мың тонна мармелад өнімін шығарады. Ал өнімдерін қаламыз бен еліміздің өзге өңірлерінен басқа Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Әзірбайжан және Қытай мемлекеттеріне жөнелтеді.
Жаңа желінің ашылуы өткен жылдың сәуір айында қол қойылған Шымкент қаласы әкімдігі мен «Рахат-Шымкент» ЖШС арасындағы серіктестік меморандумы нәтижесінде іске асырылған. Бұл жоба барысында Қазақстандағы үшінші мегаполистің өндірістік әлеуетіне 1,8 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Фабрика заманауи құралдармен жабдықталған. Бүгінде 30 аталым бойынша 6 өнімнің түрі өндіріледі. 2019 жылғы көрсеткіш бойынша фабрикада 20 мың тонна өнім шығарылған.
Әкім өндіріс орындарын аралауы Абай ауданы, Қызылжар елді мекенінде орналасқан «Шымкент құс» ЖШС тауарлы жұмыртқа және бройлер етін өндіру бағытындағы құс фермасымен аяқталды. Кешеннің орналасқан жалпы аумағы 57,7 га құрайды. Мұнда 320 адам тұрақты жұмыс істейді.
Бұл фабрикада 602,7 мың бас құс өсірілуде. Олар – жұмыртқалағыш мекиен тауық (286 мың бас), жас балапан (154 мың бас) және бройлер (123мың бас). Ал жұмыртқаларды жинау мен сорттау процестері жайлы айтсақ, ол автоматтандырылған жүйе түрінде жұмыс істейді. Яғни, құс фермасының жылына 105 млн. дана жұмыртқа және 2000 тонна бройлер құс етін өндіруге қауқары бар.