Бүгін Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы карантинге байланысты қала тұрғындарын онлайн қабылдап, мазалаған сауалдарына жауап берді. Онлайн қабылдауға 30-дан астам тұрғын жазылған.
«Карантин әсерінен кейбір үрдістер өзгеріске ұшырап, тұрғындар тарапынан көптеп сауалдар туындауда. Жекеге көптеген сауалдар келеді. Ол тек таныстарымнан. Дәл сондай сауалдар мен мәселелер өзге де қала тұрғындарында бары анық. Сол себепті, бүгін тұрғындармен видеобайланысқа шығып, мәселелерін тыңдадым. Ең көп туындаған сауалдар – карантин режиміндегі кәсібі тоқтап тұрған нысандар мен дағдарысқа ұшыраған кәсіпорындарға берілетін мемлекеттік көмектер, 1 пайызбен берілетін кредиттер мен кәсібін ашқысы келетін жастарға берілетін гранттар. Сонымен қатар, қалааралық блок-посттардан өту мәселесі турасында сұрақтар аз болмады» - деді басқарма басшысы Береке Дүйсебеков.
Онлайн қабылдау барысында кәсіп бастағысы келгендер және кәсіпкерлер көкейде жүрген сауалдарына мамандар тарапынан тұщымды жауап алды. Онлайн қабылдау тұрғындар үшін қолжетімді әрі тиімді болғандықтан алдағы уақытта да жалғасын табатын болады дейді мамандар.