Ғалымдарды маңызды жұмыстар күтіп тұр

Screenshot_6.png

Қазақ халқының арғы-бергі тарихында санқилы замандар өткені рас. Алайда, тап ХХ ғасырдың бірінші жартысындағыдай аласапыран мен зұлмат борын-соңды кездескен емес. Қос дүниежүзілік соғыстан бөлек қазақ халқы басынан ұлт-азаттық көтерілісті, азамат соғысын, ұжымдастыруды, қала берді ұлт зиялы қауымын жалмаған саяси қуғын-сүргінді бастан өткізді.

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген соң тарихтың ақтаңдақ беттері ашыла бастады. 1993 жылы репрессия құрбандарын ақтау жөнінде арнайы заң қабылданса, 1997 жылы Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.

Дегенмен, ашығын айтқанда сол оқиғаларға мемлекет тарапынан толыққанды саяси баға берілмеуіне және зұлмат жылдар тарихының толық зерттелмеуіне қоғамның көңілі толмайтын. Міне, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге байланысты арнайы Үндеу жариялады. Бұл ұлт тарихын ұлықтау, өткеннің қасіретті беттерінен сабақ алу тұрғысынан өте маңызды қадам.

Президент арнайы мемлекеттік комиссия құру жөнінде тапсырма берді. Тарихшы маман ретінде мұны толық қолдаймын. Иә, ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының тарихы тым ауыр әрі қайғы-қасіретке толы. Оны еске алудың өзі тым ауыр. Оқыған сайын, тереңіне бойлап таныған сайын адамның төбесін шымырлатып, жүрегін сыздататын оқиғалар мен деректерге кездесе бересіз.

Мәселен, біздің Шымкент өңірінің өзінен 20 мыңдай азаматтың қуғын-сүргінге ұшырағаны жөніндегі тарихи деректер бар. Қаншамасы атылды. Бұл үкімдердің көпшілігі Шымкент қаласындағы халық Албастысай деп атап кеткен орында, қазіргі «Қасірет» мемориалының маңында орындалған көрінеді. Осы деректер одан әрі жан-жақты зерттей түсуді қажет етеді.

Еске алуға қаншама ауыр, қаншама қасіретті болса да бұл біздің халқымыздың төл тарихы. Тарихтың шерлі беттерінен сабақ алмай, жарқын болашаққа қарай қадам басуымыз қиын.

Мемлекеттік комиссияның үйлестіруімен тарихымыз жан-жақты зерттеліп, зерделенсе, бұл қызыл террордың қазақ халқына әкелген қайғы-қасіретіне толық тарихи және саяси баға беруге жол ашады. Өз тарихымызды осылайша толық тану арқылы ұлттық бірлігімізді бекемдеп, Тұрақтылық пен тыныштықтың, ең бастысы Тәуелсіздіктің қадірін тереңірек ұғынатын боламыз. Сол арқылы зұлмат замандардың қайта оралуының жолын кесеміз.

Ендігі жерде, Президенттің осы игі бастамасына отандық тарихшылар, зерттеушілер мен қоғам белсенділері жан-жақты қолдау көрсетіп, маңызды жұмысқа атсалысуы тиіс.

Бахадыр АЙТАЙ, тарих ғылымдарының кандидаты,

ОҚМПУ-дің аға оқытушысы


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ж.Тәшенов университетінде жаңа жатақхананың ашылу салтанаты өтті
  • Шымкентте үздік ұлттық киім үлгілері анықталды
  • Аким Шымкента наградил слесаря, спасшего семью от гибели
  • Слесарьдың шұғыл әрекеті отбасын өлімнен құтқарып қалды
  • Шымкенте бұрыңғы қоқыс полигоны орнында экопарк құрылысы басталды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер