Карантин уақыты мен талабы сақтала отырып, Шымкент қаласында бірқатар нысандар қайта жұмысын бастайды. Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
– Шымкент қаласында карантиндік шараларды жеңілдетудің төртінші кезеңі бойынша ертеңнен бастап 2 095 орта және шағын бизнес нысандары (33 мыңнан астам адамды қамти отырып) қайта іске қосылады. Алайда бұл нысандар әлі де болса карантиндік тәртіп бойынша жұмыс істейді. Егер санитарлық талап сақталмаған жағдайда нысанды қайта жабуымыз мүмкін, - деді Мақсұт Пернебайұлы.
1 -ші маусымнан арнайы тәртіптер бойынша жұмысын бастайтын нысандар мыналар:
1. Азық-түлік пен қажетті тауарларды сататын супермаркеттер, гипермаркеттер және сауда желілері, жұмыс режимі сағат 21.00-ге дейін ұзартуымен;
2. Қоғамдық тамақтану орындары және жазғы алаңдар 50 адамға дейін, сағат 06.00-ден 21.00-ге аралығында (құдалық, туған күн, мерейтойлар және т.б.мерекелік шараларды атқарусыз) 1 320 нысан (15 мың адам);
3. Жаттығу залы, фитнес-орталықтар, сауналар, SPA-салондар, жеке кабиналары бар моншалар, жұмыс режимі сағат 21.00-ге дейін, 95 нысан (600 адам);
4. Автокөлік және мал сататын базарлар, 4 нысан (50 адам);
5. Көрермендердің қатысуынсыз спорттық және мәдени нысандар, 88 нысан (1,7 мың адам);
6. Білім беру орталықтары, үйірмелер, дайындық топтары (15 адамға дейін ғана қабылдау арқылы), 59 нысан (2 мың адам);
7. Халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтары қалыпты жұмыс режимінде;
8. Жанар-жағармай станциялары жанындағы дүкендер;
9. Мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтар (20 баладан аспайтын)
10. Теміржол қатынастары қалпына келтіріліп, қалааралық блог бекеттер алынады.
Сондай-ақ, 2 маусымнан бастап автовокзалдар мен автостанциялар жұмысын қайта бастайды.
Ал, кинотеатрлар - 15 маусымынан бастап жұмысын бастайды.
Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Алмат Қосалиев карантиндік талаптарды сақтаудың ережелері жөнінде айтып өтті.
Алмат Ералыұлының айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарында келушілер арасында арақашықтық 2 метрден кем болмауы керек.
Саябақтар мен скверлерде, алаңдар мен жағалауларда бетперделік режимді сақталады. Барлық іске қосылатын кәсікерлік нысандар күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимнің сақталуымен жұмыс істейді