Шымкентте мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шара Тәуелсіздік саябағында бастау алды. «Желбіре менің жалауым!» атты патриоттық акцияны Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының "Рухани жаңғыру" бөлімі ұйымдастырды.
Жастар акцияда ҚР Мемлекеттік Әнұранын шырқады. Сондай-ақ тұрғындар арасында ТУ, Елтаңба, Әнұран жайында сауалнамалар жүргізіп, жалаушалар таратты.
– Ұлттық нышандағы мерекенің мерейі үстем. Көк Туды теңдігімізге, Елтаңбамызды, Әнұранымызды биік тұғырымызға балаймыз. Бірақ елімізде төтенше жағдай алынғанымен, карантиндік шектеулер алынған жоқ. Соған байланысты, акцияны сақтық шараларын сақтай отырып, өткізіп отырмыз. Ұлттық рухты оятатын мерекелік эстафета дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биылғы челленджге де кез келген отансүйгіш азамат қатыса алады, - деді "Рухани жаңғыру" бөлімінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева.
Ұлтымыздың ұлылығын, тарихымыздың қасиетін танытатын акция Абай саябағы, Арбат демалыс аймағы, Дендросаябақ және Еңбекші ауданындағы «Север» сауда орталығында жалғасады.
Айта кетейік, еріктілердің ұйытқы болуымен Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне Мемлекеттік Ту ілінді.
«Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары бұл игі іске өз үлестерін қосып, қолдау білдірді. Осылайша, бұл шара арқылы қала тұрғындары өздерінің рәміздерге деген шексіз құрметін байқатты.