ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы Шымкентте «Көне қала» этножобасы бой көтеруде. Ерекше мәртебе берілген үшінші мегаполис тұрғындары мен қонақтарына ұлттық салт-дәстүр құндылықтарын насихаттау мақсатында қолға алынған жобаның құрылысы қарқын алды.
Пандемияға байланысты бұл қалашықтың ашылу салтаны кейінге шегеріліп тұр. Бұған дейін жоспар бойынша «Көне қала» этноауылында 12 киіз үй мен көрме қойылатын жартылай киіз үй, ақ қанатты шатыр үй де құру күнтізбеде еді. Сонымен қатар, ауылда алтыбақан шағын саулет нысандары да құрылады. Құрылыста балалар үшін арнайы алаң да қарастырылған. Әр сенбі, жексенбі күндері іс-шаралар өтеді деп жоспарланған болатын.
Көзідің жауын аларлық киіз үйлерде 2020 жылғы мерейтойларды да назарға алып, Шымкент қаласының - 2200, ғұлама, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің - 1150, ақын Абай Құнанбайұлының - 175, компазитор Шәмші Қалдаяқовтың - 90 жылдығына арналған тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады. Төрт киіз үй Қазақтың ұлттық тағамдарына арналса, Көрпе тігу үйі, Салт-дәстүр үйі, Әжелер үйі және Бас киіз үй тақырыпқа сай безендіріледі. Ал жартылай киіз үйлерде қолөнер бұымдарының көрмелері қойылады.
«Көне қала» этноауылы кішігірім қалашық. Жобаның ортасында ақ шатырлы орда түріндегі дөңгелек сахна орналасқан. Сахнаның алдында 200 орындық көрермендер алаңы болады. Сахналық алаңның екі шетінде арба үстіне тігілген киіз үйлер қойылады деп жоспарланған. Қалашықтың ауыл-алаңқайларында қолөнершілер ауылы, құсбегі-саятшылар ауылы, зергерлер ауылы, қымызшылар ауылы, ұлттық тағамдар ауылы, музыкалық аспаптар көрмесі, балаларға арналған ойын алаңдары орналасады.
Келушілерге ұлттық киім киген қыз-жігіттер қонақтарды қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен таныстырады. Этноқалашықта көрермендер ұлттық спорт түрлерін тамашалап, киіз үй тігу, сырмақ басу, ши тоқу, мал сойып, ет асу процестеріне қатыса алады. Қазақтың ән-күйін тыңдап, ұлттық қолөнер бұйымдарын естелік ретінде сатып алуға болады. Сондай-ақ, кешкі ойын-сауық пен ұлттық салт-дәстүрден сыр шертетін қойылымдары тағы бар.