«Ұстаз талантты болса,
Шәкірті талапты болады» деген Платоннан қалған нақыл сөздің өзіндік құдіреті бар. Мұғалім болу – тек оқушыларға жаңа сабақты түсіндіріп, үй тапсырмасын берумен шектелмейді. Ізденіс пен дамуды, өзінің дәрежесін көтеруді талап ететін мамандықтың үдесінен шығу оңай шаруа емес. Оның үстіне дамыған заманда бәсекеге қабілеттілер ғана өмірден өз үлесін алады. «Педагог» мәртебесіне жету де қажырлы еңбекті талап етеді емес пе?! Бүгінде ұстаздар қауымы сәт сайын оқу курстарына қатысып, жаңа бағдарламалар мен білім реформаларының қыр-сырын меңгеруде.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Үздік сабақ-2020» онлайн байқауын ұйымдастырған болатын. Байқауға республиканың түкпір-түкпірінен тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері, жоғарғы оқу орындары мен мектеп оқытушылары қатысты.
Байқауда тіл үйренушілердің қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға арналған деңгей талаптарына сай тапсырмалар берілген. Екі айға жуық сарапқа салынған байқауда 38 қатысушының жұмыстары қаралып, үздік деп танылған 8 жұмыс межеге шықты. Қорытындысында Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Айсұлу Оспанованың жұмысы бас жүлдеге лайық деп танылды.
Айсұлу Оспанова ұсынған жұмыста оқытушы сабаққа Smart мақсат қоя білген. Сабақ жоспары заманауи технологияларға құрылған. Қазақ тілін үйретуге арналған барлық онлайн платформалар, сайттар пайдаланылған. Сабақ барысында оқытушының жаңашыл онлайн бағдарламалары шебер қолданылғаны үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік берген.