«Ақыл - жастан, асыл – тастан» деген дана халқымыз жас ұрпақ тәрбиесіне әрдайым жоғары деңгейде көңіл бөліп, басты мәселе деп қарай білген. Кез-келген елдің болашағы жалынды жастарына байланысты екені белгілі. Осыған орай елімізде 2019 жылды «Жастар жылы» деп атап, жастардың жарқын болашағы үшін барлық жағдайлар жасалынып, көптеген мүмкіндіктерге жастарымыз қол жеткізді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Жастар – еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз қазір жасап жатқанның барлығы сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр» деген болатын.
Қазақ Елінің қарыштап дамуының айқын көрінісі – айбынды астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының күн санап көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқаны, күн сайын көркеюі дәлел болмақ. Еліміз тәуелсіздік жылдарында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Елбасының сындарлы саясатының арқасында еліміз күннен-күнге етегін кеңге жайып, көркеюде. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің іргелі білім ордасында білім алған дарынды жастарымыз елге оралып, қазіргі кезде ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп, жас ұрпақтың сапалы білім алып, білікті маман болуы үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауда.
Болашақ ұрпақтың білім алу жолына ештеңе кедергі келтірмеуі тиіс. Әлемді жайлаған індетке қарамастан планетамыздың түпкір-түпкірінде түрлі білім алу жүйесі орнатылып, оқушылар өз білімдерін жетілдіруде. Әлемнің дамыған мемлекеттеріне қарағанда біздің елде білім алу жолында біраз олқылықтар байқалды. Қашықтықтан білім алу бала мен ата-ананың жүйкесін тоздырды. Шалғай ауылдарда интернеттің жоқтығы, бүкіл балаларды еріксіз телефонға телміртті. 2020-2021 жылдың алғашқы тоқсанын қашықтықтан оқып бітірді. Екінші тоқсан қалай болады деген сұрақ баршамызды мазалауда. Мемлекет басшысының бұйрығымен Мақтааралдық жерлестерімізге көмек ретінде біздің «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы 2020 жылдың 18-мамырынан бері өз жұмысын мүлтіксіз атқарып келеді. Жаз бойы 1000-нан астам бала мен 30-дан астам жетекші өз демалысын тиімді өткізді. Оқу жылы басталысымен оқушылардың сапалы білім алуы үшін орталық бар жағдайын жасауда. Күн тәртібінде күнделікті 6 мезгіл дәмді ас, түрлі танымдық-зияткерлік ойындар, көңілді кештер мен қызықты іс-шаралар ұйымдастырылуда. Елдің болашағын тәрбиелеуде аянбай еңбек етуде. Орталыққа келген әр баланың демалысының тиімді өтуіне кез-келген қызметкер жауапты. Біз жиырма күнде оқушыларды тек қана оқытып, сауықтырып жіберуді мақсатқа алмаймыз. Біздің орталықтың негізгі мақсаты – балаларға қамқоршы, жақсы дос, қайталанбас тұлға болып өсуі үшін үлгі болу. Сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, баланың балалық шағының өшпес естелігіне айналдыру.
Кезінде ұлы бабамыз әл-Фарабидан шығыс әміршісі өз елінің болашағын сұрағанда «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін», − деген екен. Ел болашағы болар жас ұрпақты тәрбиелеуде жұмыла кірісіп, бірге атсалысуымыз керек. Әлемдегі бәсекеге қабілетті, озық елдердің қатарына қосылу үшін біз әрдайым алға ұмтылуымыз қажет. Ел болашағы – білімді жастардың қолында. Тек білімімізбен биіктерді бағындырамыз.
ЕРНАЗАРОВА Айнұр Шүкірқызы,
«Балдәурен» РОСО филиалының ұйымдастырушы-ұстазы.
Түркістан облысы, Төлеби ауданы