Бүгінгі күні қоғамдық сананы, әлеуметтік саясатты жаңғырту міндеттерін айқындаған Қазақстан халқы Ассамблеясы дамуының 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған. Осы орайда, Түркістан қаласының көпсалалы медицина колледжінің студенттеріне этносаралық кикілжіңнің алдын алу, ұлтаралық татулықты сақтау мақсатында қала депутаты Ақиқат Абдулаевтың қатысуымен жиналыс болып өтті. Жиналыс жоғары деңгейде өткізіліп, этносаралық кикілжіңнің алдын алу, тұрақтылықты нығайту бағытында сөз қозғап, кеңінен талқылау жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдарда қандастарымыздың елдегi сандық үлесi 39 пайыз ғана болатын. Одақ ыдыраған соң бiрқатар ұлттардың өкiлдерi тарихи отандарына аттанды. Есесiне шетелдегi қазақтар атажұртқа оралды. Ұлтымыздың табиғи өсiмi де жақсарды. Топшылай айтар болсақ, елдегi қазақтардың саны жыл сайын 1-1,5 пайызға артып отырды. Соның арқасында бүгiнде 65 пайызға жеттiк. Тарихи өлшеммен алып қарағанда қас-қағым сәттей көрiнетiн ширек ғасырға жуық уақытта елдегi мемлекет құраушы ұлттың үлесi 25-26 пайызға артты. Бұл шынында да үлкен жетiстiк. Егер мемлекет құраушы ұлттың саны артып жатса, Қазақ елi атануына жол ашатын шығар. Алайда, оның өзi Қазақстанда қазақтан өзгенiң мүддесi ескерiлмейдi дегендi бiлдiрмейдi. Ұлтаралық татулық қашан да бiздiң басты құндылықтарымыздың бiрi болып қала бередi.
Еліміздің ширек ғасырдан бергі қол жеткізген толайым табыстары, халықаралық қоғамдастықта танылуы, әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан өлшеусіз үлесі – бәрі де көпшілік елдерге арман болған саяси тұрақтылықтың арқасы деп айтуымыз керек. Жасыратыны жоқ, өздерінің ұлттық мерекесін тойламақ тұрмақ, тәуелсіздігін ала алмай жүрген ұлттар да бар. Оқ пен оттың арасынан, жарылыстардан бас сауғалап қашып, шетелді, жатжұртты паналаған жандар қаншама! Миллиондап саналады.
Еліміздің жаңа тарихының шешуші кезеңдерінде Ассамблея әрдайым тұрақтандырушы және біріктіруші рөл атқарып келеді және еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің шынайы кепілі болып қала беретініне біз сенеміз!!!