Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Әңгірата жалпы орта мектебінде «PISA халықаралық зерттеулері аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру дағдылары» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинар барысында ашық сабақтар, шебер сыныптар өткізіліп, оқушылардың ғылыми жобалары қорғалды. Қорытындылау кезеңінде сөз алған Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Гүлзинат Мекенбайқызы, «Мектептерге арналған PISA» зерттеуі аясында аудандағы екі мектепте өткен диагностикалық тестілеу нәтижелеріне тоқталып, талдау жұмыстарын жүргізді.
Бұл семинар мұғалімдер мен оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру бойынша дағдысын жетілдіруге мүмкіндік туғызды. Ал белсенді оқушылар ғылыми жоба қорғай отырып, семинар қатысушыларына функционалдық сауаттылықтарын арттыру кезінде алған білімдерін қалай қолданатыны туралы әңгімелеп берді.
«PISA халықаралық зерттеулері аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру дағдылары» оқушылардың білім жетістіктерін бағалау бойынша PISA Халықаралық бағдарламасы оқушылардың оқу барысында алған білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу машықтарын, нақты бір оқу пәндерімен тікелей байланысты емес мәселелерді шеше білу құзіреттіліктерін бағалауға бағытталған.
Бұл зерттеу Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) жүзеге асырылады. PISA зерттеуі 2000 жылы басталып, үш жылдық кезеңмен өткізіледі. Бұл қатысушы-елдерге оқушылардың білім жетістіктерінің нәтижелеріндегі қозғалысты, білім беру жүйесіндегі болып жатқан өзгерістерді бақылауға, жүргізілген реформалардың салдарын анықтауға мүмкіндік береді. 2009 жылы бағдарламаның төртінші кезеңі аяқталды. Қазақстанда зерттеу жұмысын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, білім беру органдары мен аймақтық білім беру ұйымдарының көмегімен «Ұлттық білім беру сапасын бағалау» орталығы жүргізеді.