Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында бизнес саласына мемлекет тарапынан жасалатын қолдау түрлері күшейтілетінін баса айтқан еді.
Ел әлеуетінің көтерілуіне негіз боларлық аталған маңызды құжатта: «Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.
Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар.
Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз.
Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру», делінген.
Бүгінде бизнес саласында көрсетіліп жатқан маңызды қолдаулардың арқасында жаңадан өз өнімін нарыққа шығарып отырған саурандық кәсіпорындар біртіндеп аяққа тұрып келеді. Атап айтсақ, 2022 жылы Алматы қаласында «Атакент» көрме орталығында Ресей Федерациясының және жақын елдердің жиһаз өндірушілері және жиһаз саласында жұмыс жасайтын кәсіпорындардың қатысуымен көрме өткен еді. Аталған көрмеге Сауран ауданынан «SEM BRAND» жеке кәсіпкерлігі, «DIVALUX ЖШС» жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпорындары қатысып, өз өнімдерін ұсынған болатын. Сондай-ақ, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен облыс орталығында орналасқан «Керуен сарай» туристік кешенінде Қазақстанның үздік тауары өңірлік көрме-байқауына да Сауран ауданынан «Хабибулла-Ата», «SEM BRAND» Жеке кәсіпкерлігі, «DIVALUX ЖШС» жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпорыны қатысып, өз өнімдерін көпшілік алдында назарға ұсынған. Бүгінде Сауран ауданының сол, яғн аталған екі бірдей жиһаз өнеркәсібі үлкен нәтижеге қол жеткізіп, үздіктердің қатарынан табылып отыр.
«Қазақстанның үздік тауары» «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз «SEM BRAND» ЖК, «Қазақстанның үздік тауары» «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз «Хабибулла-Ата» жеке кіспкерлігі марапатталған. Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес ауданымызға 2022 жылға негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 22,3 млрд теңге болып бекітіліп, нысаналы индикаторлар белгіленген. 2022 жылдың 6 айының қорытындысымен аталған жоспар 148,7 пайызға немесе 7,6 миллиард теңгеге орындалды. Оның ішінде жаңадан ашылып жатқан мектеп, балабақша, спорт кешендері, дүкендер және тағы басқа құрылыс нысандарының есебінен 4 миллиард 449,2 миллион теңгеге ауданымызға инвестиция тартылды.