Осыдан 2 жыл бұрын ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» халыққа жолдауында жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың бірталайы жерді қажетке жаратпай, бос иеленіп отырғанын айтқан-ды.
«Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деп бас айтқан еді.
Қазақстан аграрлы мемлекет болғандықтан Иассы ауылдық округінде де тұрғындардың дені жер емген диқандар. «Әттең тонның келтесі ай» дегендей жер тар. Кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жерлерді қайтару қиындықпен жүзеге асуда. Жайылымдық жер күннен күнге тарылып барады. Иассы ауылдық округіндегі жалпы жер 65 896 гектар. Ал оның 30373 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Негізінен жергілікті тұрғындар егіншілікпен және малды бордақылауымен айналысады.
Ауыл шаруашылығының негізгі қорына тартылған инвестициялардың нақты көлемі жылдан жылға өсе түсуде. Себебі Иассы ауылдық округі облыстық деңгейдегі жолдың бойына орналасқан. Кентау қаласы да Түркістан қаласы да жап-жақын. Олардың базарына жету көп қиындық әкелмейді.
Ауыл шаруашылығының жоспарында биыл 325 миллион теңге инвестиция тарту көзделсе, қазіргі таңда оның орындалғаны 328,2 миллион теңгеге жетіп, жоспарлы тапсырма 101% орындалған. Атап айтқанда, Идирисов шаруа қожалығының төрағасы Хасан Идирисов 132 миллион теңгенің инвестициясын құйса, Тәжібай ата шаруа қожалығының төрағасы Бахрам Тәжібаев 196,288 мың теңгені қарқынды баудың көшеттерін алуға, тамшылатып суарудың құрал жабдықтарына және бағаналардың құжаттарына жұмсады.
Ал тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың нақты көлемінің индексі жоспар бойынша 10 млн. теңге деп белгіленсе ол меже жүз пайызға орындалды. Оны орындаған Көктонды ата ауыл шаруашылық өндірістік коперативінің төрағасы Әбсадық Мырзакаримов.
Ауыл шаруашылық саласында ауыл округі бойынша егістік жерді игеру жоспары 1120 гектар болса, орындалғаны – 1353 гектарды құрады. Қазіргі таңда 487 гектар жоңышқалық жайқалып тұр. Күзді және жаздық бидай алқабы 195 гектарды құрайды. Көкөніске 116,6 гектар, бау-бақшаға 117,6 гектар бөлінген. Сонымен бірге сүрлемдік жүгеріге 30,4 гектар, дәндік жүгеріге -96,8 гектар, мақтаға - 283,8 гектар, мақсарыға - 13,8 гектар, картопқа екі гектар жер қарастырылған. Диқандардың ала жаздайғы еңбектері есесімен қайтуда. Мұнда жалпы бидайдың өнімділігі әр гектардан 30 центенрден айналуда. Жоңышқаны үш мәрте орып алып жатқандар бар. Яғни, әр гектардан 68,4 центнерден айналуда. Сүрлемдік жүгерінің әр гектарынан 240 центнерден түсуде. Оның сыртында бау-бақша, жүзім, жеміс-жидек көздің жауын алады. Жерді ұқсата пайдаланып, өнімін қалдықсыз шығаратын диқандар байлыққа кенелуде. Бұл үрдіс алда да жалғасын таппақ.