Ауданның экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі сауда-саттық қызметі. Мәселен, есепті мерзімде бөлшек сауда көрсеткіші 495,9 миллион теңгеге, яғни 100,2 пайызға орындалды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша да бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекеттің бақылауындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында ауданда арнайы жұмысшы топ құрылып, бірқатар азық-түлік дүкендері мен супермаркет иелеріне бағаларды және келісім-шарттарды реттеу қажеттілігі жөнінде жазбаша нұсқамалар берді. Сауран ауданы әкімдігінің «кәсіпкерлік және туризм» бөлімі тарапынан азық-түлік тауарлардың бағаларына тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді.
Сауран ауданының экономикалық әлеуетін дамытудың негізгі бағыты ретінде туристік кластерді құрып және дамыту көзделуде. Сауран ауданы туристік әлеуеті мен мүмкіндіктерін көпшілікке жеткізу, көне шаһардың тарихи маңызын насихаттау бағытында да кешенді шаралар атқарылуда.
Сауран ауданын туризм орталығына айналдырудағы мақсат- туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондықтан, бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Сол мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларын дамыту, инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет саласын жақсарту, туризм саласындағы білімді жетілдіру міндеттері қойылып отыр.
Түркістан облысы Туризм басқармасының туристік ақпараттық орталықтың тапсырысымен «TOURISM KZ» телеарнасы «Туризм додасы» реалити шоуының халықаралық нұсқасын жүзеге асырды. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты туризм додасына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан мемлекеттерінің өнер майталмандары қатысқан болатын. Жобаға қатысушылар 2022 жылы Ескі Сауран қалашығына зиярат еткен болатын. Туризм саласындағы туристік нысандарды көбейту бойынша да бірқатар істер атқарылуда. Келген туристерді орналастыру орындарымен қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі дәрежедегі қонақ үйлер, хостел және тағыда басқа нысандарды көптеп ашу үшін кәсіпкерлерге туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды. Оның ішінде туристік нысандарды салу және реконструкциялау 10, жол бойындағы сервис объектілерін салу 10, туристік кластағы көлік құралдарын сатып алу 25, тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу 25 пайзға көтеріледі.