Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді.
Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады.
Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады», деген еді «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында.
Осы Жолдаудан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуы Сауран ауданында да байқалады. Мәселен, 2022 жылы Сауран ауданында мемлекеттік грантты 173 адамға беру жоспарланған. Қазір 100 адамға қайтарымсыз қаржы 29 жасқа дейінгі жастарға, ал 73 грант 30 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтарға берілді. Олар бұл күнде алған қайтарымсыз қаржылары арқылы бизнеске бел шеше кірісіп, өз істерін дөңгелентіп отыр.
Кәсіпкерлерді аз пайызбен несиелендірудің де артықшылығы мол. Бұл бойынша жаз айларында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 3 адам 15 миллион теңге, «Оңтүстік» микро қаржы ұйымынан 8 адам 660,3 миллион теңге және «ЫРЫС» микроқаржы ұйымынан 60 адам 250,0 миллионтеңге несие алған.
Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі және өңірлік «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасымен 12 ауылдық округтерді кезінде аралап ауданымызда кәсіпкер болуға ниетті немесе кәсіпкерлерге, бизнес үшін маңызды қаржылай қолдау болып табылатын «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы 2025», шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары бойынша түсіндірілген болатын.
Соның арқасында өз ісін ашуға ниеттенген адамдар аталған ауданда күн санап артып келеді. Бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін кәсіпкерлерге арнайы бағыт-бағдар беріп отыратын «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы құрылған. Онда кәсіпкерлерге қаржы ұйымына дейін кеңестер беріп, жобаларды сүйемелдеу қызметі атқарылады. Бұл қызметтің өңір кәсіпкерлеріне тигізіп отырған пайдасы орасан.