Түркістан облысы Сауран ауданындағы Жүсіп ата кесенесінде сапар орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілген болатын. Сала мамандары сапар орталығын салу – сәтті бастама екендігін айта келіп, ішкі туризмді дамыту шарасы өлке тарихын нақтылау арқылы, насихаттау арқылы жүзеге асатынын айтты.
Елдегі туризм саласын дамытуда оңтүстік аймағы стратегиялық маңызға ие. Бұл өлкенің ауа райы да, табиғи қолайлылығы да туризм бағытында тамаша орталықтар ашуға мүмкіндік береді. Ал отандық, ішкі туризмнің дамуы экономикалық өсіммен қатар, шағын және орта бизнестің, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюіне ықпал ететіні анық.
Сауран ауданындағы Жүсіп ата кесенесіндегі сапар орталығы да аймақтың ажарын кіргізетін айтулыжобаның бірі. Бұл жоба Ескі Иқан ауылдық округі кәсіпкерлерінің бастамасымен қолға алынған. Ескі Иқанның есті азаматтары тарих пен танымды ұштастырып, ұлт мәдениетіне үлес қоссақ деген ниетпен қолға алған бұл шаруаны. Әр адамның өскен өңір, туған өлкесіне қамқорлық қала берді азаматтық борыштың да ір парасын өтеу деп ұғады мұндағы кәсіп иелері.
Қазіргі таңда нысан құрылысымен қатар орталық маңын абаттандыру ісі де қарқынды. Ежелден иқандықтардың ата кәсібі – диқаншылық болса, бүгінде тарихи орталық маңын, әлеуметтік нысан айналасын абаттандыру, көріктендіру жұмысы аймақ тұрғындарының кез келгенінің қолынан келетін келісті шаруа.
Ғимарат аумағында қонақтарға арналған демалыс орындары мен арнайы автотұрақ бар. Сондай-ақ кешеннің әкімшілік ғимараты, «Жүсіп ата» тарихы және «Өңір тарихы» музейі орналасқан. Бұл өз кезегінде өңірге келушілерге, қонақтарға танымдық ақпарат орталығы болады.
«Сапар орталығында кітаптар мен ауыл тарихын көрсететін мәліметтер, суреттер қоры жиналуда. Алдағы уақытта Жүсіп ата кесенесі Түркістан өңірінің туристік маршрутына енетін болады», – делінген өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінде.
Алыс-жақын шетелден келуші туристер Түркістан десе түрленіп сала береді. Түгін тартсаң май шығатын осынау киелі өңірдегі көркем жобаның бірі – Сауран сапар орталығы ел игілігіне қызмет етіп, кемел келешектің көрікті ордасы болады деп сенеміз.