Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлықтау рәсімінде еліміздің тұрғындарының 40 пайызға жуығы ауылық жерде күн кешіп жатқанын, сол үшін Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған жоспарын әзірлеуді міндеттеген болатын.
– Қазір сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ, – деген еді Президент.
Бұған дейін Шорнақ ауылдық округіндегі үлкенді-кішілі бас қосулар барысында округке қарасты ауылдар бойынша бірқатар өзекті мәселелер сөз етіліп жүретін. Мысалы Қосмезгіл елді мекеніндегі «Таза су»-бағдарламасының 2-ші кезеңін жүргізу кезек күттірмейтін мәселе. Шорнақ ауылдық округіндегі 3 елді мекенді газбен қамтамасыз ету мәселесінің де алдан шығып отырғаны қазір емес. Халық осы тектес мәселелердің енді шешімін табатынына сенімді. Десе де бас жоспарға сәйкес, Шорнақ ауылдық округі бойынша тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу, құжатсыз тұрғын үйлерді заңдастыру мәселесі шешілуде. Түркістан магистральдық каналымен келетін ағын су мәселесі де бар. Аша, Қосмезгіл елді мекендерінің тұрғындары интернет желісінің төмендігіне шағымданып отыр. Бұл мәселе де басты назарда тұр. Аша елді мекеніне мектеп салу мәселесіне аудан әкімшілігі де үлес қосуда. Бәрінен бұрын, кезінде заңсыз беріліп кеткен ауыл төңірегендегі радиусы сегіз шақырымға дейінгі жайылымдық жерлерді ортақ жайылымға қайтару жұмысы жүргізілуде.
Бір кездері талан-таражға түсіп кеткен жайылымдық жерлерді қайтару мәселесі қазір жүзеге асырылуда. Бұған қауымдастыққа мүше беделді адамдар кірісуде. Аудан әкімсдігінің жер қатынастыры бөлімі шешімін шығарып береді. Кәсіпкерлер жайылымдық жерді тиімді пайдаланып отырса, ол жұмысын жалғастыра береді. Егер де тиімсіз пайдаланып, ол босқа жатқан болса, халыққа заңмен қайтарылады.
Шорнақта сан түрлі кәсіпкерлік нысан көп. Соның бірі қырықтан астам қиыршық тас зауыттары. Олардың иелігінде үш мың гектарға жуық жер бар. Қиыршық тас зауыттары заң аясында жұмыс жасауы тиіс. Жер халықтікі. Бұл мәселе де алдағы уақытта егжей-тегжейлі зерделенетін болады.