Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков әрбір ауылдық округтегі тұрғындар көтерген мәселелерді назардан тыс қалдырған емес.
Соның бірі – Жүйнек ауылдық округінің жағдайы. Аталған ауылдық округте осы жылы жоба құны 232,0 миллион теңгені құрайтын сауықтыру кешені, дүкен, қоғамдық тамақтану орыны сияқты 3 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізілді. Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын ел ағалары Фархат Абдуллаев, Халидолла Мұстапаев, Абдужаппар Абдулахаповтар әр кез билік құлағына жеткізіп жүретін. Мұнда да өзге елді-мекендерге ұқсас мәселелер жетерлік. Ең алдымен елге керегі күн санап құрғап бара жатқан су тапшылығы еді. Екінші орында жарықтың түгел жеткізілмеуі мен табиғи газдың кешеуілмеуі. Сосын мал жайылымының жетіспеуі. Бұған дейін де бірнеше рет жүйнектіктер мәселе көтеріп, аудан атқамінерлері тұрғындардың өзекті жайларымен жақсы танысқан. Десе де аудан әкімі алдағы атқарылар жұмыстар жайын тұрғындарға арнайы өзі барып таныстырып, кеңінен әңгіме өрбіткен. Бірлесіп шешер мәселелерді еркін түрде ортаға тастған.
Сауран ауданы бойынша елді мекендердегі сонау 2011-2018 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілу барысында жобаға енбей қалған және жаңадан қоныстанған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 8 нысан бойынша аудан әкімінің қаулысы шығарылып, сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Жобалау-ізденіс жұмыстарының сметасы әзірленіп, қаржы бөлдіруге «Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» тапсырылды. 8 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге жалпы – 108,013 миллион теңге қаржы бөлу қажеттілігі бар.
Осыған орай, «Сауран ауданындағы Жүйнек ауылдық округі, Жүйнек елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысына 10 331,68 мың теңге бөлу көзделген. Жүйнек ауылдық округіне қарасты Жүйнек және Шыпан елді мекендеріндегі қолданыстағы су қоймаларына сыйымдылығы 50м3 су мұнарасын орнатуға жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Жоба дайын болғаннан кейін, орталық су жүйесіне қосу, елді мекен тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамту қолға алынды.
Тұрғындар тарапынан табиғи газбен қамту мен жол жөндеу сияқты бірқатар мәселелер көтерілді. Ғани Құрмашұлы бүгінгі таңда, аудан әкімдігі тарапынан Жүйнек ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша облысқа қаржы бөлуге бюджеттік өтінім берілгенін, құрылыс жұмыстарын 2022-2024 жылдары жүргізу жоспарланып жатқанын айтты.
«Биылғы жылы Жүйнек елді мекеніндегі Түркістан көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы бойынша да бірнеше жұмыстар жоспарлануда. Сонымен қатар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан «Түркістан-Жүйнек-Қарнақ» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, аудан әкімі жөнделіп жатқан жолдардың сапасын қадағалау мақсатында тұрғындардан жұмысшы топ құрылып, халықтық бақылау жүргізілетінін жеткізді. Ауылдық округтегі қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында бейнебақылау мен жол белгілері мен жасанды жол кедергілері орнатылуда.