Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында туристік инфрақұрылымды кеңейтіп, жетілдірудің және туристер тартудың маңызды екенін атап өткен болатын.
Бұл тек Маңғыстау өңіріне ғана емес, туристік әлеуеті зор кез келген аймақ үшін айрықша маңызға ие. Себебі туристік кластер құрылса, экономика дамыйтыны әмбеге аян. бұл тұрғыда түркістан облысы, оның ішінде сауран ауданының да туристік әлеуеті жоғары екенін айта кетуіміз керек.
Сауран ауданының экономикалық әлеуетін дамытудың негізгі бағыты ретінде туристік кластерді құрып және дамытудың жолға қойылуының мәні осында. Ел арасында аудан аумағындағы тарихи орындарға алыс жақын облыстардан және шет елдерден қызығушылық танытып, келген туристердің саны 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында – 13 842 туристке жеткен екен. Оның ішіндеСауран қалашығы – 1324, Үкаша ата кесенесі – 11357, Жылаған ата – 210, Жүсіп ата кесенесі – 921, Имам Мархозыға – 30 турист келген. Ал жыл басынан осы кезеңге дейін туристердің өңірге саяхаттауы жоғары деңгейде өскен. «Әзірет Сұлтан» қорық – мұражайының меншігіндегі 52 тарихи-мәдени туристік нысанға сапарлаған саяхатшылардың өзінде есеп жоқ.
Қазір тарихи-мәдени орындарға инвестиция тарту жұмыстары қарқын алған. Мұражай тарапынан Ескі Сауран қалашығы аумағынан жоба құны 320,0 миллион теңгені құрайтын «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр (қонақ үй, тамақтану орны, көрме орталығы, гид қызметі, автотұрақ). Сондай-ақ, Үкаша ата кесенесіне келген туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында инвестор тауып, арнайы жер бөлінген. Кесене аумағында заман талабына сай қонақ үй, автотұрақ, намазхана, тамақтану орындарын салу қолға алынуда. Бұл ішкі туризмнен түсетін кіріс көзін арттыруға себеп болуда. Ескі Иқан ауылдық округінде жоба құны 50,0 миллион теңгені құрайтын Жүсіп ата кесенесінде «Сапар» орталығы мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Айта кетерлігі, бұл орталық аудандағы жеке кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен бой көтеруде.
Ауданның жағажай туризмін және емдік туризм, тарихи туризм, діни туризм, экотуризм мен қысқы және жазғы демалыс орындарын дамытуға мүмкіндігі бар. Осы бағыттар бойынша инвестиция құятын жобалар іздестірілуде. Алдағы уақытта туризм саласын дамытуға және туризмнен түсетін табыс көзін арттыру бағытында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілетін болады.