Үшқайық ауылдық округі С.Қожанов елді мекенінің тұрғындары ауыз су, табиғи газбен қамтуды сұрайды. Мұны ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов ауылға келгенде де өтініш етіп айтқан.
Халық қалаулысы барлық мәселелерді Үкіметтің құлағына жеткізуге уәде берген-ді. Қайнар Абасов: «Қазіргі таңда жаңа су кодексі әзірленуде. Ол жерде сапалы ауыз су, өзендер мен көлдерді, бөгендерді тиімді пайдалану сияқты бірқатар мәселелер қамтылады. С.Қожанов ауылында ауыз су ғана емес, ағын су жетіспеушілігі салдарынан егін шаруашылығы ақсап тұрғанынан да хабардармын. Бұл мәселе жаңа заң қабылданғанда өз шешімін табатын болады. Шалғай елді-мекендерде өңірлерді дамыту бағдарламасы бірінші кезекте орындалуы керек. Сол арқылы табиғи газбен, сапалы ауыз сумен қамту мүмкіндігі бар», – деген еді ол.
Қазіргі таңда уудан әкімі Ғани Рысбековтің сөзіне сүйенсек, Үшқайық ауылдық округіне табиғи газ тартылған, көшелерге үйлерге жеткізу жұмыстары жүргізілген. Өз сөзінде аудан әкімі Сауран ауданы бойынша табиғи газ ең бірінші Үшқайық ауылдық округіне беріліп жатқанын сөз етті.
Үшқайық ауылдық округінің әкімі Мұхтар Шалаев: «Қазіргі таңда осы округке қарасты Теке, Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс ауылдарындағы тұрғын үйлердің маңына дейін «Қазтрасгазаймақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газ қондырғыларын жеткізіп берді. Енді ауыл тұрғындары «ОмарШерханстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт негізінде өздерінің қаражатына 80-85 мың теңгеге көгілдір отынды үйлеріне кіргізіп алып жатыр. Осыдан біршама уақыт бұрын 43 абонент көгілдір отынды пайдалана бастады. Ауылдық округте барлығы - 6445 адам болса, олар 864 отбасын құрайды, – деді ауыл әкімі.
Тағы бір тоқтала кетер өзекті мәселе С.Қожанов ауылындағы мектептің жағдайы. Балабақшадан мектепке ыңғайластырылған бұл мектепке оқушылар да сыймай жатыр. Мектеп ұжымының тілегі мемлекет тарапынан заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа мектеп құрылысы салынса деген уәж.
Президенттің жаңа тапсырмасы ауыл тұрғындарының табысын көбейтіп, инфляциямен күресу. Ол үшін Үкімет шаруалар мен кәсіпкерлерлерге қолдау көрсетуді тоқтатпауы керек. 3 жылға көктемгі дала жұмыстарына несие берілсе, егін шаруашылығындағы көптеген мәселелер де шешімін табатыны сөзсіз. Шаруалар үшін жыл оны екі ай жағар-жанармаймен қамтылуы да маңызды. Тек үшқайықтықтар ғана емес, осындай қолдау тетіктері жүзеге асса бұл Сауран ауданының шаруалары мен кәсіпкерлері үшін үлкен көмек болмақ.