Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім саласына баса мән берді. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты.
Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» дейді Президент.
Сондай-ақ Президент «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деді.
Еліміздің мұғалімдерін ақжолтай жаңалығымен Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қуантты. Оның хабарлауынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 504 мектеп салынбақ. Бұл көлем елдегі демографиялық өсімді ескеріп жасалып отыр.
Сауран ауданы адами әлеуетті басқару бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекованың айтуынша, жаңадан құрылған ауданда барлық білім беру мекемелерінің саны - 87. Оның ішінде 46 мектептің 35-і жалпы орта мектеп болса, үшеуі негізгі, жетеуі бастауыш мектептер болып саналады. Ол мектептерде 25528 бала білім алуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жайлы мектеп» бағдарламасы туралы біраз сөз болды. Бірақ егжей-тегжейі айтылмаған. «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жобасының бүге-шігесі енді белгілі болып отыр.
Атап айтқанда, осы ұлттық жоба аясында білім саласы 2025 жылы Қазақстан үш ауысымды оқудан және барлық апатты мектептен толығымен құтылады деп белгіленіп отыр. 2023–2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын «Жайлы мектептің» басты мақсаты ретінде «Орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апаттылығын жою» деп нақты көрсетілген.
Әдетте, ең озық білім ордалары мегаполистерімізде ғана ашылатыны мәлім. Бірақ ұлттық жобада жаңа сипаттағы жайлы мектептердің ауылда да бой көтеретіні жазылған. Тек ауыл тұрғындарының саны қарқынды өскен, «белсенді дамып келе жатқан, перспективті елді мекен» болуы шарт. Ол білім ошақтарының бәрі заманауи оқу жабдықтарымен жарақтандырылады, зертханаларына дейін болады, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады.
Жоба аясында қазір 300, 600, 900, 1200, 1500, 2 мың, 2,5 мың білім алушыға арналған орта мектеп құрылысының типтік эскиздік жобалары әзірленеді. Ал мектептердің құрылысы жаңа жылда басталады.
Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаның ғаламат ауқымын паш ететін бір көрсеткішті атады: егер бұған дейін мектеп салуға мемлекет 100 миллиард теңге қаржыдан бөліп келсе, енді бірден бірнеше триллион теңге бөледі. Яғни, «Samruk-Kazyna Construction» мол ақшаның астында қалғалы тұр. Демек, ақша талан-таражға түсіп, ұстаған жемқордың қолында, тістеген алаяқтың аузында кетпеуі үшін құзырлы органдар, Парламент, қоғам бақылауда ұстағаны маңызды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын дайындадық. Осы жобада біз барлық тәуекелдерді ескердік. Бұл ұлттық жобаның өз ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, біріншіден, ұлттық жоба қаржымен толық қамтамасыз етілді. Бұған дейін республикалық бюджеттен жылына 100 миллиардқа жуық қаражат бөлінсе, енді Мемлекет басшысының қолдауымен бұл ұлттық жобаға республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге қарастырылып отыр. Екіншіден, мектеп салуда біркелкі құрылыс нормативтері сақталады, ол үшін жаңа құрылыс нормативтері қабылданды. Мектеп салуда бірізділікті сақтау үшін ол жұмысты ортақ оператор атқаратын болады. Бұл өте маңызды», – деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Үшіншіден, оның айтуынша, мемлекеттік мектептерді салғанда тек оның ғимаратын тұрғызумен шектелмей, «ішкі контентіне» баса назар аударылады. Мысалы, ондағы шәкірттер ең озық әдістемелермен оқиды. Оларды су жаңа мектеп автобустары тасуға тиіс.
«Ол мектептердің әрқайсысына баратын жолдар төселеді. Жанында автобус аялдамалары ашылады. Барлық инженерлік инфрақұрылымды да қамтимыз. Себебі, мұның бәрі жайлылық ұғымына кіреді, тиісінше ол мәселелердің бәрі қарастырылады. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық жоба 800 мың балаға арнап, жоғары стандарттарға сәйкес заманауи, жайлы мектеп салынады дегенді білдіреді. Оған өте сапалы құрылыс материалдары қолданылады. Балалар үшін тиісті жағдайлар жасалады. Қауіпсіздік жүйелері де енгізілетін болады», – деді министр.
Жаңа мектептерді салуға кем дегенде 2 трлн 606,6 млрд теңге талап етіледі. Оның 1 трлн 960 миллиарды – республикалық бюджеттен алынады. Тағы 646 млрд 535 млн теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Өйткені ондағы мұнай түсімдері болашақ ұрпаққа арналған, ал мектептер дәл сол ұрпаққа қызмет етеді.
Бұл жоба келесі жылы басталады. 2023 жылы – 499 млрд 999,7 млн теңге, 2024 жылы – 1 трлн 38,3 млрд теңге, ал 2025 жылы – 1 трлн 68,2 млрд теңге бөлінеді.
Сауран ауданы Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекованың айтуынша, бұл мемлекеттік «Жайлы мектеп» жобасына жаңадан құрылған ауданнан жеті мектеп кіріп отыр. Оларға жер беріліп, құжаттары ресімделуде. 2024-2025 жылдары аралығында Абай елді мекенінен 300 орындық, Еңбекші диқан елді мекенінен - 600 орындық, Аша елді мекенінен, Ынталы елді мекенінен, Құмтүйін елді мекенінен 900 орындық мектептер бой көтереді. Қарашық елді мекенінен 1200 орындық, Ескі Иқан ауылынан 2000 орындық заманауи білім ордалары салынатын болады.