Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажеттігін ескертті.
«Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды.
Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын» деді Президент.
Бүгінгі таңда Сауран ауданының жалпы аумағы 721,745 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері – 388843 гектар. Оның ішінде суармалысы – 44441 гектар болса, жайылымдық жері – 344402 гектар. Елді мекен жерлері – 62273 гектарды құрайды. Өнеркәсіптік көлік, байланыс, қорғаныс жерлері және ауыл шаруашылығы басқа мақсаттарда пайдаланылатын жерлер - 6729 гектар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері – 39424 гектар болса, орман қорының жері – 66145 гектар, су қорының жерлері – 2428 гектар болады. Оның сыртында арнайы жер қорының жерлері- 155903 гектар болып отыр.
Сауран ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Шоқан Алихановтың айтуынша, ауданда жүргізілген жан-жақты зерделеу барысында Жер кодексінің талаптары бұзушылықтар анықталған жер учаскелері туралы мәліметтер белгілі болды. Мәселен, «Қазақстан ғарыш сапары ҰК» акционерлік қоғамының алғаш рет қанатқақты жоба ретінде космомониторинг жүйесі арқылы Сауран ауданында нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 12 жер пайдаланушының жер учаскесі жалпы алаңы 1272,67 гектара жер учаскесі анықталып, зерделеу мақсатында егістікті анықтау актісі түзіліп, нәтижесі бойынша «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару» департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданған.
- Сауран ауданына қарасты ауылдық округтерде нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жерлерді ҚР Жер кодексінің 82-бабына сәйкес өз еркімен қайтару бойынша ауыл әкімдерімен бірлесіп меншік иелеріне заң шеңберінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 48 жер иеленуші жер телімдерінен бас тартып, жалпы көлемі 8391,63 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Сөйтіп, Сауран ауданы әкімдігінің арнайы жер қорына алу туралы қаулысы қабылданып, мемлекет меншігіне қайтарылды, - дейді ол.
Сауран ауданы бойынша пайдаланбай жатқан жер учаскелері туралы біраз мәлімет анықталған. Сонымен қатар, Департаменттен келіп түскен игерілмей жатқан 690 жер иеленушіге тиесілі 60849,86 га жайылымдық жер учаскесі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде ИСЖ базаға мал басы тіркелмеген 358 жер иелеріне тиесілі 29993,94 га жер телімі анықталып, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару» департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданды. Елді-мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету бойынша да біраз жұмыстар атқарылды. Мәселен, облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан аудан көлемінде 2022 жылға Сауран ауданына бекітіліп берілген ортақ жайылымға жоспар болжамы жалпы 48,5 мың га жерді елді мекенге ортақ жайылымға бекітіп беру, 78,4 мың га меморандум арқылы беру жоспарланған.
- Жоспардың орындалуына тоқталар болсақ, Сауран ауданы Жаңа Иқан, Жібек жолы, Майдантал, Бабайқорған, Оранғай ауылдық округтері аумағынан 135 жер иелеріне тиесілі 29,922 мың гектар жер учаскесі мемлекет мұқтаждығына алынып, аталған ауыл округтеріне ортақ жайылым үшін қаулы қабылданып, сәйкестендіру актісі рәсімделуде. Бұдан бөлек, сегіз ауылдық округте 22,6 мың га жер телімдері ортақ жайылымға бекітіліп, сәйкестендіру актісі рәсімделген. Аудан көлемінде 145 жер иеленушімен, алаңы 32,3 мың гектар жер учаскесіне келісім шарт түзумен меморандум арқылы ортақ жайылымға келісілді, - дейді Шоқан Алиханов.
Мемлекет меншігіне қайтару 108,3 пайызға, меморандум арқылы 41,2 пайызға орындалған. Сонымен қатар жұмыстарды жалғастыру мақсатында Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округіндегі халыққа қажетті жайылымдық жерлерді белгілеу мақсатында әр округтерде қауымдастық кеңестің хаттамалары негізінде жер учаскелерін ортақ жайылымға алынатын аумаққа Түркістан облысының жер кадастр мекемесі тарапынан кепілдеме хат негізінде жерге орналастыру жобалары әзірленуде.
«2022 жылға бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес атқарылатын ортақ жайылым іс-шаралар жоспары жыл соңына дейін орындалады. Қазіргі таңда жалға беру келісім шарты – 1936 түзілді. Сату-сатып алу туралы 419 келісім шарты жасалды. Сату-сатып алу туралы және жалға беру туралы келісім шарттары 453562675 теңгеге жасалды. 303101 коды бойынша жер учаскесінің түсімдері бойынша 157513700 теңге көлемінде болды. Сауран ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі барлық жер қорында түбегейлі зерделеу жұмыстарын жүргізіп, барлығын Жер кодексіне сай етіп заңдастырып, заңсыздықтары анықталса мемлекетке қайтарып алудамыз. Бұл өз кезегінде Сауран ауданының жер қорына беріледі. Қазір әрбір округтерден құрылған Қоғамдық кеңестер көп жұмыс атқаруда. Әсіресе, аудан аумағында орналасқан қиыршық тас өндірген және өндіріп жатқан карьерлердің жұмысын бір жүйеге келтіру көптеген қиындық келтіруде. Олардың экологиялық ахуалды күрделендіріп қана қоймай, ашық-шашық тастап кетуі, қалпына келтіру жұмыстарына атүсті қарауы орын алып отыр. Осыған байланысты табиғатты қорғау прокуратурасы, басқа да құзырлы органдармен бірлесе отырып, кешенді шаралар қолға алынуда» деді Сауран ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Шоқан Алиханов.