Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында татулықты ту етіп келеміз. Президенттің халық асыға күткен жыл сайынғы Жолдаулары да елімізде тұрақтылықты орнықтыра түсуге бағытталып отырғаны белгілі. Бұл ретте аудан тұрғындарының Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын асыл мұраттарды іс жүзіне асыру жолында қажырлы ісінің үлгісін танытып, уақыт тынысына сай еңбек етіп жатқаны баршаға аян.
Сауран ауданы бойынша этносаралық татулықты нығайту мақсатында аралас мектептерде ауданы әкімінің орынбасары С.Садибаев пен Сауран ауданы Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы А.Батырбекованың бірлескен іс-шара жоспарына сәйкес, бекітілген кестеге сәйкес үгіт-насихат жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Шорнақ ауылдық округі Қызыл Әскер жалпы орта мектебінен бастау алған жиын Шорнақ, Т.Айтжанов, Қарашық, Тұран, Шыпан, А.Югнаки, №1 жалпы орта мектебі, Иқан, №25 жалпы орта мектебі, Қ.А.Ясауи, Ескі Иқан Ә.Науаи, Молда Мұса, Ташанақ, В.Вахидов атындағы жалпы орта мектептерінде өткізілді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ел бірлігін берік етуді баса айтты. Президенттің «Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек» деді. Мен де Президентіміздің осы сөзіне сүйеніп, бірлік пен ынтымағымыз арта берсін дегім келеді, - деді кездесуде ауданы әкімінің орынбасары С.Садибаев.
Шараға Сауран аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы М.Құлымбетов, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының басшысы И.Әжіхан, Жастар ресурстық орталығының әдіскері С.Қалжан қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиынға қатысушылар бүгінгі таңда әлемдік саясатта еліміздің өз орны болуы, экономикасы жылдан-жылға тұрақты дамуға бағыт алғаны, әлемдегі жаһандану процесінің арнасын таба бастағаны, халықтың татулығы мен елдігі саяси тұрақтылықтың арқасы екенін жеткізді. Сонымен қатар, ынтымағы мен бірлігі ұйыған елдің тұғыры әрқашан биік, баянды да ғұмырлы, бейбітшілік бәріміздің де басты мұратымыз екенін атап өтті. Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық - халқымыздың әл-ауқаты жақсаруының, ел экономикасы өркендеуінің басты кепілі болмақ.