Сауран ауданы әкімінің орынбасары С.Садибаевтың төрағалығымен өткен жиында аудандағы ішкі саясат бөлімінің жұмысы жан-жақты талқыланды. Ол бойынша аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі М.Қалеке баяндады.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын талқылай келіп, реформалардың нақты 5 бағдарын айқындап бергенін жеткізді. Сонымен қатар, олар жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп екенін атап өтті.
Жолдауда әйелдердің зейнет жасын 61 жас деңгейінде қалдыру, ең төменгі жалақы деңгейін 70 мың теңгеге дейін көтеру, кәсіпкерлерге 2,5 пайыз көлемінде несие беру, 18 жасқа дейін әр балаға Ұлттық қордың инвестициялық табысынан тиісті төлемақы беру бастамалары елден қолдау табатынын мәлім етті.
Сонымен қатар, Президент Үкіметке жаңа әкімшілік реформа әзірлеу, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау, кадрлық резервті нығайту керектігін баса атап өтті. Осыған орай, Президент Жолдауында айтылған тапсырмалар мен бағыт – бағдарлар туралы кездесулерде, дөңгелек үстелдерде, мәжілістер мен жиындарда көптеп насихаттау қажеттігін жеткізді.
Бұдан бөлек, күн тәртібіндегі мәселе бойынша жауапты ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары және олардың арнайы мамандары үшін оқыту семинарларын өткізу, ауылдық округ әкімдіктеріне ақпараттарды жариялау, Президенттің Жолдауына байланысты дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізуді қолға алу керектігі тапсырылды.
Жиынды қала әкімінің орынбасары С.Садибаев қорытындылап, берілген тапсырмаларды уақтысында орындауды тапсырды.