Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйекте «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы халықтың қызу талқысына түсті. Одан беріде Президент сайлауы өтіп, халық өз таңдауын да жасап үлгерді. Дегенмен Жолдауда қойылған бағдарлар әлі де халық арасында қызу талқылануда.
Жолдау Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ауданның зиялы қауым өкілдерінің басқосуында да талқыланды. Жиынды Сауран ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Ахметов ашып, жиынның күн тәртібімен таныстырып, жүргізіп отырды.
Онда Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған басым бағыттарға кеңінен тоқталды.
- Мемлекет басшысының халық асыға күткен жыл сайынғы Жолдаулары да елімізде тұрақтылықты орнықтыра түсуге бағытталып отырғаны белгілі. Бұл ретте Қазақстан халқының Президент Жолдауынан туындай-тын асыл мұраттарды іс жүзіне асыру жолында қажырлы ісінің үлгісін танытып, уақыт тынысына сай еңбек етіп жатқаны мәлім. Олай болса, ел ертеңі кемелденсін десек, жас буынға дұрыс бағдар беріп, келешекте көркейген Қазақстанның негізін осы Жолдау жүктеген міндеттер аясында нақты іспен жүзеге асырайық, - деді Бақытжан Бейсембаев.
Сонымен қатар, басқосуда аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Жарылқасынов, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Н.Жұманова, аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы О.Әміреев, «Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігі Сауран ауданы филиалының төрағасы Т.Ақай және зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған кезекті Жолдауын толық қолдап, қуаттайтынын жеткізді.