Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деді Президент. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Т үркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың баяндауынша, Түркістан облысында барлығы 7 топтық су құбыры және жергілікті су құбыры бар. 608 елді мекеннің басым бөлігі ауыз суды жер асты су көздерінен (ұңғымадан) пайдаланады. Су құбырымен қамтамасыз етілген 720 елді мекеннің 215 елді мекеніне ауыз су кестемен беріледі.
Сауран ауданында да ауыз су мәселесі оңынан шешіліп келеді. Ескі Иқан елді мекенінің ауыз су мәселесін шешу мақсатында, Иқан су-Қытай ұңғымасынан Ескі Иқан елді мекеніне дейін су тазарту қондырғысына дейінгі 45 шақырым ауыз су құбыры тартылмақ. Жобалаушы мекеме – «Улмад» ЖШС.
Сонымен қатар, елді мекеннің жаңадан қоныстанған 1540 тұрғын үйге ауыз су жүргізуге аудан тарапынан жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобалаушы мекеме – «Redline-Pro» ЖШС-гі.
«Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Жер бетінің төрттен үш бөлігін су алып жатқанымен, ауыз су мәселесі өз шешімін оңай табар түйіткіл емес. Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді екенін ескерсек, оған қойылатын талаптарға да баса мән беруіміз заңдылық.
Сондай-ақ Ескі Иқан елді мекенінде табиғи газ құбырлары бойынша, мердігер мекеме тарапынан «КазТрансГаз Аймақ» ЖШС-гі ұсынған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп, 13 көшеге табиғи газ берілді. Қалған көшелерді табиғи газға қосу бойынша, облыс әкімінің тапсырмасына және аудан әкімдігінің іс-шара жоспарына сәйкес, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Таяуда аудан әкімі Ғалымжан Үсенбеков Шаға ауылдық округіндегі жер астынан шығып жатқан ауыз судың мүмкіндігін қарап көрді. 300 метр жерден шығып жатқан суға құбыр жалғап, жоғарыдан қысыммен айдаса, ауылға су жеткізіп отыру мүмкіндігі жасалмақ. Мұны алдағы уақытта мамандармен ойласа келіп, күн санап көбейіп келе жатқан елді мекеннің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға болатын түрі бар.