Түркістан – республика халқын жеміс-көкөніс өнімдерімен, оның ішінде жылыжай кешеніндегі қызанақ, қиярмен қамтамасыз ететін негізгі өңір. Облыста 1569 гектар алқапта 3366 бірлік жылыжай бар немесе республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы орналасқан. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның ішінде 87 гектары – өндірістік, ал 1482 гектары фермерлік жылыжайлар. 2015 жылмен салыстырғанда осы салаға тартылған инвестиция көлемі 7 есеге ұлғайып, былтыр 74,7 миллиард теңгеге жеткен. «ЭКО-культура» компаниясының елімізге инвестиция салуы Түркістан облысы үшін үлкен мәртебе. Жобаны іске қосу, өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді.
Өңіріміздің «Жылыжайдың отаны» атануына саурандық шаруалар да өз үлестерін қосуда. Тіпті алақандай жермен де кәсіп бастап, көкөніс өсіріп отырған тұрғындардың да еңбегі бағаналарлық. Шаға ауылдық округіндегі «Дидар» шаруа қожалығы бүгінде тұтынушыларды балғын өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған, сәтті кәсібімен өңірге танылған қожалықтың бірі. Аталмыш жылыжайында болгар бұрышы, қияр, қызанақ өсірілуде. Бұл кәсіппен қожалық жетекшісі Мәден Ыбырайым 2013 жылдан бері айналысып келеді.
- Біз ерте көктемнен бастап шаруашылықтың 6 гектар алқапқа орналасқан жылыжайда бірнеше көкөніс түрін көшеттен өсіреміз. Мәселен былтыр 200 мың көшет болгар бұрышының өсірілуіне басымдық бердік. Өйткені болгар бұрышын, қызанақты көптеп пайдалану, жаз бойы қысқа дайындық ретінде салат жабу, томат әзірлеу біздің өңір халқының негізгі жұмысы. Сол себепті осы көкөністі көп мөлшерде шығарудамыз, - дейді жас агроном Ернұр Бабаханов.
Кәсіпкер көшеттерді наурыз айынан бастап жылыжайға отырғызады. Жылыжай корейлік құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Жылыжайда өз ісінің нағыз мамандары жұмыс істейді. Олар дәрумендерді уақытылы беру, тамшылатып суару технологиясын жетік меңгерген диқаншылар. Жалақылары 90 мың теңгені құрайды. Жұмыстың көбею маусымына қарай мұнда 50-60 жергілікті тұрғын маусымдық жұмысқа тартылады. Жылына 2 рет өнім алынатын жылыжайда аталмыш көкөністерді өсірудің тікелей шы-ғыны дәні, тыңайтқышы және агрохимикаттар болып табылады екен. Десе де, «шығыс болмай, кіріс болмайтынын» назарда ұстаған шаруа иесі бүгінде 200 мың көшет болгардан 500 тонна өнім алған. Оны Түркістан қаласынан бөлек, басқа да аудандарға өткерген.
Айта кетейік, Сауран ауданы ауыл шаруашылығына басымдық беретін аудан саналады. Сауран ауданы бойынша өткен жылы 42 137 гектар егістік жер игерілсе, ағымдағы жылға 42 200 гектар егістік жерді игеру тапсырмасы берілген екен. Бүгінгі күнге нақты 43 530,8 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 1 393,4 гектарға артығымен орындалды немесе 103,1 пайызды құрады.
Есепті кезеңде аудандағы мал саны 751,1 мың бас, құс саны 160,0 мың басты құрады немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,4 пайызға артты.
2022 жылы Сауран ауданына ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 6 миллиард 300 миллион теңге тапсырма берілсе, жыл қорытындысымен 7 миллиард 141 миллион теңге инвестиция тартылып, 113,4 пайызға орындалды. Ал, ағымдағы жылға 11 миллиард 332 миллион теңге тапсырма беріліп, 7 айдың қорытындысымен 3 миллиард 960 миллион теңгеге орындалды немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артып отыр.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта ірі шаруалар бойынша жалпы құны 4 миллиард 468 миллион теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда:
— Үшқайық ауылдық округінде «Иманқұл ата» шаруа қожалығының балық шаруашылығын дамыту жобасы, жалпы инвестиция құны — 608,0 миллион теңге;
— Оранғай ауылдық округінде «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу жобасы, жалпы инвестиция құны — 2,56 миллиард теңге;
— Ескі Иқан ауылдық округінде «AgroFoodTrade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта майын өндіру цехы жобасы, жалпы инвестиция құны — 500,0 миллион теңге;
— Оранғай ауылдық округінде «БНК АГРО KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал азығын дайындайтын (комбикорм) цех құрылысының жобасы, жалпы инвестиция құны — 400,0 миллион теңге;
— Жібек жолы ауылдық округінде «Тәуекел Агро» шаруа қожалығының жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы, жалпы инвестиция құны — 400,0 миллион теңге.
Сонымен қатар бүгінгі күнге «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 134 жоба қабылданып, оның ішінде Қарашық ауылдық округі бойынша құны 231,2 миллион теңгені құрайтын 41 жоба, Оранғай ауылдық округі бойынша құны 169,3 миллион теңгені құрайтын 32 жоба, Ескі Иқан ауылдық округі бойынша 94,9 миллион теңгені құрайтын 15 жоба, Майдантал ауылдық округі бойынша 51,0 миллион теңгені құрайтын 10 жоба несие комитеті тарапынан мақұлданған.
Қазіргі таңда мақұлданған, құны 261,0 миллион теңгені құрайтын 50 жоба «Ырыс МҚҰ» тарапынан қаржыландырылып, 38,5 миллион теңгені құрайтын 7 жобаның кепіл шартын тіркеу сатысындағы жұмыстары жүргізілуде.