Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына іссапарында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Ауыл – қазақтың алтын ұясы. Өңір экономикасын дамытуда ауылдың әлеуетін көтерудің де маңызы жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма беріп, 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қайған болатын. Міне осы Жарлыққа сәйкес, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа¬жет¬ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.Бүгінде өңірлерде аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие берілуде. Мәселен, осы жылдың 13 қыркүйегінде 1388 ауылдық округті қамтитын 42 миллиард теңге сомасына 7429 шағын несие берілді. Оның 85 пайызы мал шаруашылығы саласына (35,8 миллиард теңге), 7 пайызы өсімдік шаруашылығына (2,8 миллиард теңге), 5 пайызы кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға және 2,6 пайызы басқа бағыттарға (1,1 миллиард теңге) берілген.
«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Облыста «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінде мақұлданған жобалар нәтижесі бойынша оңтүстік өңірі елімізде көш бастап тұр. Соның ішінде жобаға Сауран ауданы да белсенді қатысып келеді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жасаған іссапары барысында бұл бағыттағы ізденістерді жалғастыруды, тұрғындарға қолдау көрсетуді тапсырды. Жобаны сапалы жүзеге асырып, бәсекеге қабілетті өнім шығару керектігін айтты. Жергілікті әкімдік пен жауапты басқармаға жобаға қолдау көрсетуді тапсырды.
– «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Аудан, ауыл әкімдері, жауапты басқарма басшылары осы жобаның тиімділігін елге түсіндіріп, өз істерін бастауға қолдау көрсетіңіздер, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Бүгінде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ - на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21 миллиард теңгені құрайтын 4 060 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 3690 жоба қаралып, жалпы соммасы 17,6 миллиард теңгені құрайтын 2954 жоба мақұлданды. 13,3 миллиард теңге көлеміндегі 2 236 жоба қаржыландырылды.
Ал Сауран ауданында 4 ауылдық округ таңдалған. Ауданда 260 жоба бойынша өтініш түскен. 1108,63 миллион теңге көлемінде 174 жоба мақұлданған.
Облыс аумағында жобаны іске асыру нәтижесінде, 3220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады және тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда.
Өңір басшысы Сауран ауданы, Ескі Иқан елді мекенінде болды. Осында орналасқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде «Сауран сүт» сүт өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны – 400 миллион теңге. Мұнда жылына 3,6 мың тонна сүт өнімдері шығады деп жоспарланған. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкерлер өнімдерін Түркістан және Қызылорда облыстарына өткізуді межелеп отыр.
Өңір басшысы Ескі Иқандағы М.Юлдашев атындағы спорт мектебінде болды. Жас спортшылармен кездесіп, үстел теннисін ойнады. Бүгінде аталған спорт мектебі жанынан 200 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Инвестор бұл жобаға 350 миллион теңге жұмсамақ.
Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Закиржанұлы Саитов тың айтуынша «Ескі Иқан ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне 2023 жылы 8 айда 51 миллион 980 мың теңге бюджет жоспарланып, 8 айда 51 миллион 980 мың теңге 100 пайыз игерілген.. Жеке кәсіпкер Элмир Юлдашев өз қаржысы есебінен заманауи үлгіде ауылдық учаскелік полиция пункті ғимаратын және автотұрақ салды. Құны 40 миллион теңгені құрайды. Ауылдағы 175 орынды «Арзу» балабақшасы ғимаратына қосымша 125 орынды ғимарат салып, балабақша сийымдылығын ұлғайтуда. Құны — 80 миллион теңге мөлшерінде.
Ескі Иқан ауылдық округінің жалпы жер көлемі 41758,3 гектар, оның ішінде: 12458,6 гектар — суармалы жер, 10854,0 гектар жерге бір жылдық екпелер егіліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер толық пайдаланылуда. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар бойынша жоспар 1,4 миллиард теңге болса, бүгінгі күнге орындалғаны 1 миллиард 128 миллион теңге мөлшерінде болып отыр.
2023 жылға 22 бірлік техника алынып, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бойынша 312,5 миллион теңге инвестиция тартылған екен.
Шаруа қожалықтарына Үкімет тарапынан арзан бағада бөлінген 415 тонна жанар-жағармай және 321 тонна минералды тынайтқыш алынып, пайдаланылды.
Ауылда 168 орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. 2023 жыл Ескі Иқан ауылдық округі бойынша жалпы 4 миллиард 396 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланса, 8 айда 1 миллиард 634,6 миллион теңге инвестиция тартылған екен. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалады деп күтіліп отыр.
Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «Авиценна» емханасында болды. Жекеменшік емхана бір ауысымда 500 адамды қабылдауға қауқарлы. Медициналық орталық 100 адамды жұмыспен қамтиды. Заманауи орталық соңғы үлгідегі қондырғылармен қамтылған. Құрылтайшысы кәсіпкер Әділхан Исмайлов жобаға 2млрд 400 млн теңге жұмсаған көрінеді. Негізінен диқаншылықты кәсіп ететін 35 мың халық тұратын ауылдағы бейнеткеш тұрғындардың 7 мыңы ФОМС жүйесі арқылы тіркеліп, ем алуда. кәсіпкер емханаға қосымша құрал жабдықтарды алуға кәсіпкерлікті қолдау ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген жеті пайызбен 700 миллион теңге несие алған. Емхана ұжымы республикалық деңгейдегі дәрігерлердің қолымен лазерлік, индескопиялық оталар жасай алады. Емхананың физиотерапия, оңалту, гинекология, урология, зертхана бөлмелері соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуда. Жансақтау бөлімі бір мезетте төрт адамды қабылдай алады.
Бас дәрігер Әкежан Сакашевтің айтуынша, білікті медбикелердің айлық жалақысы 250 мың теңгеге дейін болса, республикалық дәрежедегі оташылардың айлығы 600 мың теңгеге дейін барады екен. Мұнда өңірдегі ең білікті мамандар тартылуда. Құрылтайшы Әділхан Исмайлов Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан дәрігерлердің дәрежесін көтеру мәселесіне іспен жауап беріп отырғандығына риза.
Аталған нысандарды аралаған Дархан Сатыбалды ауылды өркендетуге үлес қосатын инвесторларға қолдау көрсетуді жалғастыруды, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді тұстарын қолдану керектігін айтты. Аудан әкіміне елді мекендерді дамыту жөнінде тапсырма берді.
Жобаға қатысуға Сауран ауданынан мүмкіндігі жоғары болғандықтан жоғарыда атап өткеніміздей Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері таңдап алынған болатын.
Бұл негізінен басқа ауылдарды алалау емес. Облыс әкімдігі Сауран ауданында сүт өндіру, құс өсіру, азық-түлікті қайта өңдеу, жылыжай бағытын мықтап қолға алуды арнайы тапсырма ретінде ұсынып отыр. Осылардың ішіндегі таңдаулысы Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері болғандықтан, соларға басымдық беріліп отырғаны рас. Жобаға қатысуға негізгі 6 бағыт болса, соның ішінде 2 бағыт бойынша Сауран ауданына қарасты барлық ауылдық округтердің қатысуға мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда: Балық шаруашылығын дамыту және тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыттары. Сонымен қатар, ауданға қарасты ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар барлық бағыт бойынша жобаға қатыса алады. Болашақтағы мақсат барлық ауылдарды қамту болып табылады. «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына қатысушы ретінде аталған ауылдық округтерде кооперацияға бірігіп жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қайта өңдеу кәсіпорыны мен жұмысы тоқтап тұрған фермерлік жылыжайлар бар. Сонымен қатар әрбір үйдің ауласында негізінен көкөніс өсіріледі және де мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндіктері жоғары.
Бүгінгі күнге ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жасақтау жалғасуда. Жұмысшы топ құрылып, несие алуға қажетті кепіл нысанының құжаттарын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге төрт ауылдық округте 323 адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Өтінім бойынша қажетті қаражат көлемі – 1660,8 млн. теңге.
Қарашық ауылдық округі бойынша 1725 аулада 11215 тұрғын бар. Несие алуға ниет білдірген 93 отбасы, оның ішінде 12 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 564 млн. теңге. Қарашық ауылдық округінде сүтті қайта өңдеумен айналысатын «Картекс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Ондағы мүшелер саны – 132 адам. Сүт өңдеудің жылдық қуаттылығы – 1200 тоннаға жетіп отыр. Сиыр сүтін жинақтау қоймасының сыйымдылығы – 20 тоннаға барады. «Картекс Агро» АШӨК тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеп, өндіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда «Картекс Агро» АШӨК шикізат тапшылығына байланысты толық жұмыс жасамауда. Отбасылық сүт фермаларын ашу бағытына қаражат берілсе, тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеуге мүмкіндігі бар. Жаңадан 162 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.
Оранғай ауылдық округі бойынша 1427 аулада 8739 тұрғын бар. Тоқсанға жуық отбасы несие алуға ниет білдірсе, оның ішінде 14 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 496,8 миллион теңгеге жетеді. Оранғай ауылдық округінде көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдеу және сақтаумен айналысатын «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшелер саны – 130 адамға жетті. Оларда көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдейтін цех және дайын өнімді сақтау қоймасы бар. Көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын өңдеу қуаттылығы жылына — 1200 тонна консерві, 1500 тонна шырын сығындысын жасау алады. Сақтау қоймасының сыйымдылығы қазіргі таңда 20 тоннаға жетіп отыр.
Бүгінгі күнге — жылыжай кешенін салу және жаңарту бағыты бойынша – қырықтан астам адам және құс шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша тоғыз адам, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша жиырмаға жуық адам несие алуға ниет білдіріп отыр.
Ескі Иқан ауылдық округінде қанатқақты жобаға қатысуға «Иқан Агро 2» және «Samruq 2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Жоба бойынша «Иқан Агро 2» ауыл шаруашылығы кооперативі – мал шаруашылығын дамыту бойынша отбасылық сүт фермаларын ашуды көздеп отырса, «Samruq 2023» ауыл шаруашылығы кооперативі — мал бордақылау бағыттарын таңдап отыр.
Ал, Майдантал ауылдық округінде мал шаруашылығын дамыту бойынша – отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашу, және мал басын көбейту бойынша «СПК-САПА» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.
Бұл киелі қала іргесіндегі азық-түлік түрлерін өңдеудің жаңаша бағыт алып, өрісін кеңейтіп келе жатқандығын көрсетеді. Себебі, бұл ауылдық округтер Түркістан қаласына жапсарлас орналасқан ауылдар. Таяу болашақта бұл төрт ауылдың да Түркістан қаласының құрамына кіріп кету мүмкіндігі бар. Себебі, киелі шаһардағы халық саны күн санап көбейіп келе жатқандықтан мұндағы тұрғындар мен қала қонақтарына сапалы азық-түлік өнімдері мен көкөністерді дер кезінде жеткізу уақыт талабы болып табылады. Сондықтан, аудан әкімдігі алдымен осы төрт ауылдық округтердің ірі шаруашылық-тарындағы үлгі-тәжірибе ретіндегі қанатқақты жоба сәтті жүзеге асырылса, басқа да елді мекендерге таратуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін¬дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.
Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор¬ган¬дарында берешектің болмауы талап етіледі.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пай¬далануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.
Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.
Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөң¬гелетіп отырған шаруасы бар көп¬теген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.
Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.