Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров түстен кейін есепті кездесуін Жібек жолы ауылдық округінде жалғастырды. Кездесуде аудан әкімі Жібек жолы ауылдық округінде алдыңғы есепті кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталып, ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.
“Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу көзделуде. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз”, - деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
Ауыл тұрғындары тарапынан Жібек жолы елді мекеніндегі Жалпақсай көшесіне тас төсеп беруін, жарықтандыру мәселесі айтылды. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша келер жылға Жібек жолы ауылдық округі енсе деген ұсыныстарын білдірді. Сырдария бойындағы шабындық жерлерді ауыл әкімдігіне қайтарылса, ауданға жазғы маусымда балалар демалатын жазғы демалыс орнын (лагерь) салу қажеттігін, қарияларға арнап, әр ауылда оңалту орталығы ашылса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша әрбір сұраққа дер кезінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Жібек жолы ауылдық округінің 2023 жылдың 9 айында ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқтала кетсек.
Жібек жолы ауылдық округі 2 елді мекеннен құралған. Олар — Сауран және Ескі Сауран ауылдары. Жалпы халық саны келсек, 2532 адам тұрады. Оның ішінде: Сауран елді мекенінде ауыл тұрғыны – 1733 адам, Ескі Сауран елді мекені тұрғындары — 799 адам. Ұлттық құрамына бөлсек, қазақтар – 2489 адам, ал өзбек ұлтынан 43 адам тұрады.
Жібек жолы ауылы әкімі аппараты ағымдағы жылы барлық шығындарын өтеуге 91 миллион 256 мың теңгеге қаржыландырылып, оның ішінде 9 айында бекітілген 65 миллион 225 мың теңге толығымен игерілген.
Ауылдық округ әкімшілігі жалпы 10 штатпен жасақталған, оның ішінде 5-еуі — мемлекеттік қызметкер және 5 келісімшарт бойынша жұмыс атқаратын қызметкерлер да қарастырылған.
Ауылдық округке қарасты Сауран ауылының орталық көшелеріне жеңімпаз мердігер ЖК «Пожарная автоматика» тарапынан құны 1320000 теңге болатын 8 бақылау камерасы орнатылды. Сауран ауылының орталық көшесіне құны 1220500 теңгеге жеңімпаз мердігер ЖК «SANA» LED экран орнатып, пайдалануға берді.
Ескі Сауран елді мекеніндегі С.Ерімбетов көшесіне асфальт төсеу жұмыстарына мердігер «Тас жол» ЖШС жеңімпаз болып, құны 36 миллион теңгеге асфальт және тротуар төсеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың пайдалануына берді. Сауран елді мекенінде А.Оразбаева көшесіне аяқжол және жарықтандыру жұмыстарын «Жайлау-Агро ЖШС жеңімпаз болып ұтып алып, құны 12768000 теңгеге аяқжол және жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарының пайдалануына берді. Сауран елді мекеніндегі Б.Қонысов көшесіндегі жарық бағаналарын ағымдағы жөндеуге 935000 теңге бөлінді, жеңімпаз мердігер ЖК «Big Stroy Group» тиісті жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындарының пайдалануына берді.
Салықтық түсімдерге ойыссақ, Жібек жолы ауылдық округі бойынша мүлік салығының жоспары – 404 000 теңге, орындалғаны — 229 000 теңге; Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем салығы жоспары — 250 000 теңге, орындалғаны — 8 600 теңге; Көлік салығы жоспары – 2 785 000 теңге, орындалғаны — 3 629 016 теңге; Төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы жоспары – 950 000 теңге, орындалғаны — 733 000 теңге; Жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер жоспары – 240 000 теңге, орындалғаны 1 271 000 теңге болды.
Енді әлеуметтік сала бойынша бірер сөз. Ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек бойынша 2023 жылы жалпы 8 отбасыдан құжат қабылданып (8 шартты, жалпы 57 адам), 8 отбасыға 2 285 970 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Жібек жолы ауылдық округі бойынша тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларыға көмек көрсетілді. Осы тұста демеушілік жасаған азаматтар туралы мәлімет бере кетсек, артық болмас. Ауылдық округ кәсіпкерлері бірігіп, тұрмысы төмен 4 отбасыға ақшалай, заттай, азық-түлікпен көмек көрсетті.
«Қамқорлық» бағдарламасы шеңберінде «Аруана» шаруа қожалығының төрағасы Ерғазы Жусупов 1 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Сауран ауданы әкімдігінің «кәсіпкерлік және туризм бөлімі» «Turkistan» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «Ырыс» МҚҰ-ның ұйымдастыруымен ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған азаматтар жоқ.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылу үстінде. 2023 жылы жұмыспен қамту шараларына қатысушылардың арналған бағдарлама шеңберінде және халықты жұмыспен қамтамасыз етудің кешенді жоспарының бөлінісі және орындалуы туралы айтар болсақ:
— Тұрақты жұмыс орны нақты – 12 адам.
— Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту нақты – 2 адам.
— Жастар практикасы нақты – 3 адам.
— Қоғамдық жұмысқа нақты — 23 адам.
— Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша І-ші тоқсанда «Е-халық базасына» ПЭП арқылы 10 өтініш түсіп, 4 өтініштен бас тартылды, 6 өтінішке тағайындалып төленді. ІІ-ші тоқсанда 8 өтініш түсіп, 6 өтінішке тағайындалды. ІІI-ші тоқсанда 6 өтініш түсіп, 4 өтінішке тағайындалды.
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жоспарының орындалуы бойынша РПН халық саны — 1560, сақтандырылғандар — 1319, пайызға шаққанда 84,6 пайызды құрады.
Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру – 0.
Егін шаруашылығы саласына келсек, ауыл округінің жалпы ауыл шаруашылығы жері — 41232 гектар көлемінде. Оның ішінде:
1. Суармалысы — 2060 гектар.
2. Жайылымы — 33127 гектар.
3. Шабындығы — 740 гектар.
4. Басқа жерлері — 1546 гектар.
Ағымдағы жылы Жібек жолы ауылы бойынша 1478 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдары толығымен игерілді. Нақтырақ айтсақ,
— Ескі жоңышқа – 194 гектар.
— Күздік бидай егу – 50 гектар.
— Жаңа жоңышқа – 106 гектар.
— Көкөніс – 115 гектар.
— Бақша –272 гектар.
— Сүрлемдік жүгері – 274 гектар.
— Дәндік жүгері – 45 гектар.
— Мақта – 100 гектар.
— Бау – 120 гектар.
— Жүзім – 20 гектар.
Азық-түлік белдеуі бойынша 300 гектар жерге жаңбырлатып суғару технологиясын орнату жұмыстары жүргізілу үстінде.
Жібек жолы ауылдық округіндегі шаруаларға көктемгі дала жұмыстары үшін бөлінген 120 тонна жанар-жағармайдың 110 тоннасы шаруаларға жеткізілді. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне ауылдық округтен агроқұрылымдар өздерінің өнімдерін тұрақты түрде шығарып келеді.
Сонымен қатар мал шаруашылығы саласы бойынша да алға жылжу байқалады. Мысалы, ірі қара мал — 3866, қой — ешкі 34212, жылқы — 637, түйе — 654, құс 2707-ні құрап отыр.
Кәсіпкерлік және жұмыспен қамту саласында ауылдық округ бойынша 7 азық түлік дүкені, 59 шаруа қожалығы, 1 мешіт, 1 намазхана бар.
Жалпы, соңғы 2 жылда аудан экономикасына 38,3 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталып, 2 есеге өсті. (2021 жылы — 12,4 миллиард теңге, өткен жылы — 25,9 миллиард теңге). Биылғы 9 айда инвестиция көлемі 22,3 миллиард теңгені құрады (жылдық жоспар — 30,4 миллиард теңге).
Ағымдағы жылға 14,4 миллиард теңгеге 59 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған (508 жұмыс орны). Жыл басынан 5,3 миллиард теңгеге 37 жоба іске қосылып, 149 жұмыс орны ашылды. Жылдың соңына дейін 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылады (359 жұмыс орны). Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атап өтсек:
— «Ныш Ер» ЖШС-ның — Демалыс аймағы және қонақ үй салу жобасы (Оранғай елді мекені). Инвестициялық құны 1 миллиард теңге, 40 жаңа жұмыс орны құрылады. Нәтижесінде бюджетке жыл сайын қосымша 21,3 миллион теңге салықтар түседі деп күтілуде;
— «Sauran Plast» ЖК-ның — қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жобасы (Шорнақ елді мекені). Инвестициялық құны 675 миллион теңге, 60 жаңа жұмыс орны құрылады, бюджетке қосымша 8,6 миллион теңге салықтар түседі;
— «Turkistan Fruit» ЖШС-ның — 400 гектар алаңда 2 кезеңнен тұратын бағбандық саласындағы тәжірбиелік аумағын құру, жеміс шырының тікелей сығу өндірісін ұйымдастыру және жеміс-жидек қойма құрылысын салу жобасы (Шаға елді мекені). Инвестициялық құны 8 миллиард 533 миллион теңге, 54 жаңа жұмыс орны құрылады, бюджетке қосымша 7,2 миллион теңге салықтар түседі;
— «Түркістан-Агро ХХІ» ЖШС-ның — 1200 бас сүт-тауар фермасын салу жобасы (Шаға елді мекені). Инвестициялық құны 9 миллиард 285,8 миллион теңге, 41 жаңа жұмыс орны құрылады, бюджетке қосымша 4,0 миллион теңге салықтар түседі;
Сонымен қатар Жібек жолы ауылдық округі бойынша егін шаруашылығы жақсы дамыған. Сол себепті шаруалар екі өнім алып, қазіргі таңда жиын-терім маусымы болып, егістіктеріндегі өнімдерін жинап алып, қалаларға және алыс-жақын шет елдерге шығаруда. Егіншілік демекші, Сауран ауданы жыл сайын ағын су тапшылығын сезінуде. Осыған сәйкес, ағын суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында, бірнеше жобалар іске асырылуда.
Атап айтқанда, Сасықбұлақ су қоймасынан егістікке баратын тас арықтың қайта құру жұмыстарына (8,67 шақырым) және Ақтөбе су қоймасынан егістікке баратын тас арықтың құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда (12,1 шақырым).
Сонымен қатар, Оранғай ауылдық округіндегі «Қосқорған» су қоймасын күрделі жөндеу жүргізуге және Майдантал ауылдық округіндегі «Майдантал» су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Ауыл округінде көркейту, көгалдандыру, санитарлық-тазалық жұмыстарының іс шаралары жасалып, бекітілген. Бекітілген іс-шараға сәйкес, елді мекеннің іші, ауыл сырты күл-қоқыстан тазартылды. Әр сенбілік сайын әкімшілік аппаратының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ақылы қоғам қызметкерлер көше бойларын тазалап жатыр.
Ауыз толтырып айтатын тағы бір жайт, «Жасыл аймақ» бағдарламасы бойынша екі елді мекенде 1560 түп ағаш көшеті отырылғызылды.
Жібек жолы ауылдық округі әкімі аппараты қызметкерлерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша іс-шара жоспары бекітілген. Бекітілген іс-шара бойынша ай сайын жиналыстар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Пара беру бас бостандығыңнан және болашағыңнан айырады» тақырыбында Сауран ауылы Б.Қонысов және А.Оразбаева көшелерінің қиылысындағы ЛЭД экранға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында тиісті мәліметтер орналастырылды. 2023 жылы 15 сәуірде №7(66) «Сауран» газетіне «Жемқорлықпен күрес — азаматтық борышымыз» атты мақала, «Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіреді» тақырыбында ауыл әкімдігінің бас маманы Ж.Жуматаевтың мақаласы жарияланды.
Діни ахуал хақында не айтуға болады? Ауылда дінаралық қарым-қатынас қызметі — үнемі бақылауда және тиісті заңнамалар негізінде жұмыстар жүргізілуде, саяси ахуал тұрақты.
Ауылдық округте 1 мешіт, 1 намазхана бар. Кереғар діни ағымдар мен секталардың алдын алу мақсатында арнайы ауыл имамдарымен, учаскелік полициямен бірлесе түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Ауыл ақсақалдары кеңесі тарапынан ауылдың өзекті мәселері айтылып, шешу жолдары сала-сала бойынша талқыланып, үнемі хабардар етіліп отырады.
Өз кезегінде денсаулық саласы жайын да атпай өтуге болмас. Денсаулық сақтау қызметін ауылдағы Жібек жолы елді мекенінде дәрігерлік амбулатория және Ескі Сауран елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік тірек атқарады. Емхана 2010-2011 жылдары салынған. Жалпы жұмысшылар саны 12 адам, 1 жоғары білімді дәрігер және 8 орта буынды медициналық қызметкер және 3 әр түрлі жұмысшы қызмет істейді.
Ағымдағы жылдың 9 айында жалпы тіркелген халық саны – 1561 адам. 2023 жылы 9 айда туылған сәбилер саны – 34. Қайтыс болғандар – 7. Туберкулез – 1. Бруцеллез – 0. «Covid – 19» инфекциялық ауруымен ауырғандар – 0.
Білім беру саласы бойынша. Ауылдық округте білім беру саласы бойынша 2 мектеп жұмыс істейді. Сауран жалпы орта мектебінде мұғалімдер саны — 60, кіші қызметкерлер саны — 22, оқушылар саны — 376 оқушы. Ы.Алтынсарин шағын жинақталған орта мектебінде мұғалімдер саны — 42, кіші қызметкерлер саны — 17 және оқушылар саны – 150.
Әскер қатарына шақыру бойынша айта өтейік. Ағымдағы жылғы көктемгі мерзімде 4 азамат әскер қатарына жіберіліпті. Күзгі мерзімді әскер қатарына қазіргі таңда 3 азамат әскер қатарына жіберілді, әскер қатарына зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.