«AMANAT» партиясының қолдауымен, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің ұйытқы болуымен «Ел Ана» ақпараттық сайты және «Qazaqstan dauiri» газеті жыл сайын Қазақстан өңірлеріне экспедиция ұйымдастырады. Кең жайлау еліміздің ауылдарын аралап, ауыл тұрмысын, ондағы жаңалықтарды, толағай табыстарын жарқырата көрсетуді мақсат тұтқан экспедиция, ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігін көпшілікке таныстырып, ауыл тұрғындарын толғандырған тоқсан тараулы түйіндерді қоғам болып тарқатуға жетелейді.
Экспедиция айқындаған міндеттер бойынша Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбаева Сауран ауданына қарасты іргелі елді мекендердің бірі – Оранғай ауылында болып, адал ісімен жасампаз еңбек қоғамын құрып отырған шаруалармен жүздесті. Экспедицияға сондай-ақ Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, "Amanat"партиясының Түркістан облысы бойынша филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Полат Мұратұлы, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық қатысты.
Облыс орталығы болып бекіген Түркістанның іргесінде жайғасқан Оранғай ауылы халқы жыл санап артқан шаһарды ет-сүтпен, көкөніс өнімдерімен қамтуда стратегиялық маңызға ие міндет атқарады.
Елордадан арнайы келген мейман «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 7 миллион теңге көлемінде несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырған Бахадыр Исрайловтың мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Шаруа өзіне тиесілі 0,25 гектар жер учаскесінде 20 бас ірі қара малды бордақылап, ет өндірісін жолға қоюды мақсат тұтқан. Б.Исрайлов «AMANAT» партиясы бастамашы болып табылатын «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының белсенді қатысушысы. Ол бес күндік оқу курстарынан өтіп, отбасылық бюджетті жоспарлау, фермерлік шаруашылықты жүргізудің орнықты тәсілдері, іскерлік байланыстарды құру, табыс айналымын қамту мәселелері бойынша практикалық және теориялық білімін жетілдірді. Отбасының қолда бар мүмкіндігін зерделеп, пайымдай білген Бахадыр Исрайлов партия бастамашы болған тағы бір маңызды жоба – «Ауыл аманатының» игілігін көруге тәуекел етеді. Жан-жақты ойластырылған бизнес жобасы ұтымды деп табылып, рухани орталық саналатын қаланың тұрғындарын адал бауыздалған малдың етімен қамтуға мүмкіндік алады. Бахадыр мұнымен тоқтамақ емес. Кәсібін кеңейтіп, мемлекет қолдаса мал басын көбейтуді ойластырып жатыр. Ойға алған шаруа оңынан болса, кәсіпкер өздерінің әл-ауқатын арттырумен бірге елдің ақ дастарқанын адал аспен толтырамыз деген жоспарын да жасырмады.
Сәуле Мешітбайқызының баяндауынша бұл экспедицияның ерекшелігі ауылдарды аралап, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы баспасөз бетінде кеңінен ақпарат тарату. Оның ішінде "Ауыл аманаты" жобасын ел арасында кеңінен насихаттау.
Осы сапары аясында Сәуле Мешітбаева Оранғай ауылдық мәдениет үйінде Сауран ауданындағы шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті. Кездесуге мал шаруашылығын, аграрлық құрылымдарды жолға қойған 80-ге тарта жергілікті тауар өндірушілер қатысты. Кездесу жиынын ашып, жүргізген Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров ауыл адамына мемлекет тарапынан берілетін көмек пен жеңілдіктер аясы кеңейіп жатқанын мәлімдеп, ауыл шаруашылығындағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар маңызды мәселе екенін айтты.
Шаруалармен жүздесудің мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталған Сәуле Мешітбайқызы ауыл – Алаштың алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының күретамыры болып табылатынын жеткізді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылдардың ажарын ашу, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты мейлінше азайту – Мемлекет басшысы айқындап берген басымдық екенін ашып айтты.
Қазіргі таңда жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде. Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен 11,0 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында несиелендіру бойынша толық ақпарат айтып, 6 бағытта жүзеге асырылады. Аталған пилоттық жобаны жүзеге асыру мақсатында скрининг жұмыстарының нәтижесімен Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтері жобаға қатысушы ретінде таңдалды. Бүгінгі күнге аталған 4 ауылдық округтен 7 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, 185 жоба несие алуға мақұлданып, 129 жоба қаржыландырылды.
Жиын соңында Сәуле Мешітбайқызы ұлттық дәстүрі мен салт-жоралғысын берік ұстанған қазақ халқы ықылым заманнан бері ер қаруы – қамшыны қасиетті санағандығын айттып, авторлық дизайнымен жасалынған қамшыны аудан әкімі Мақсат Асылбекұлына тарту етті. Ауданның өсіп өркендеуі мен дамуы жолында аянбай қызмет жасап, халықтың ықыласы мен ақ батасын алып, еңбек ете беруін тіледі.
Ал кездесуде шаруалар көкейде жүрген мәселелерін көтеріп, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше серпін беру міндеттері бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді