15 мамыр – Халықаралық отбасы мерекесіне орай Түркістан қаласының тәртіп сақшылары мерейлі отбасын құттықтап қайтты. Түркістан қалалық полиция басқармасында ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы болып қызмет атқаратын Гүлбану Батырова әріптестерін мерекелік дастарханмен күтіп алды. Өйткені нәзік жанды полицейдің отбасы бұл мерекені жыл сайын атап өтеді.
Жалпы полиция майоры Гүлбану 2013 жылы Ғазиз Қалдыбайұлы Жұмашевпен бас қосып, шаңырақ көтерді. Міне сол жылдан бастап олар баршаға мерейлі отбасының үлгісін көрсетіп келеді. Гүлбанудың өмірлік серігі Ғазиз де заң саласының маманы. Ол киелі Түркістан өңірінде ҚР Прокуратурасының құқықтық статистика арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша басқармасында прокурор.
Қос қызметкер бүгінде көпбалалы отбасы атанып отыр. Даниял, Қайсар атты ұлағатты ұлдары мен Еркеназ, Сабина атты қызғалдақ қыздары өсіп келеді. Шенді ару Гүлбану енені сыйлап, әрқашан құрметтей білген көрегенді келін. Ол үшін екінші анасының алғысын алу әдетке айналған.
«Жан-жарымның анасы менің де анам, сол үшін ол кісіге жасаған жақсылығымызды балаларымыз көріп, ертеңгі күні олар да отбасынан алған тәлім-тәрбиені бойларына сіңіріп өседі. Сондықтан бірінші кезекте күйеуіміз екеуміз ұл-қыздарымызға үлгі болуымыз керек деп есептеймін, - дейді ол.
Ал Гүлбанудың енесі, Ғазиздың анасы Зөре Қамбарбекқызы болса: «Құдайға шүкір, мен келініммен бірге тұрып келе жатқаныма аз уақыт болған жоқ. Гүлбануым маған ешқашан дөрекі сөйлеген емес. Өте шыдамды, ибалы, салт-дәстүрді әркез ұстанып, менімен кеңесіп отырады. Мерекелерде сый-сияпатын беріп, үнемі құттықтайды. Жұмысым, бала-шағам деп қабақ шытқан емес. Жұмысына да, үйдегі тірлігіне де үлгереді», - дейді.
Біз өз кезегінде айрандай ұйып, татулықты ту еткен отбасыға ырыс пен ынтымақ тіледік. Еліміздің әрбір отбасында әрқашан бақыт, бақ-дәулет болсын. Мереке құтты болсын!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі