Сарыағаш аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Тәліповтың айтуынша, бес айда аудандағы 635 гектар жылыжайдан 53 мың 460 мың тонна қияр, қызанақ өнімі алынған. Жақында жылыжай салушылар ресейлік «Экокультура» агноөнеркәсіп холдингі өкілдерімен бірге дөңгелек үстел өткізіпті. Шаруалар баға тұрақсыздығынан еккен өнімін сатудан қиналады. Бағаны тұрақтандыру үшін ресейліктер өнімдерді өз елдеріне алып кету жағынан көмектеспек ниетте. Бұл үшін ауданда үлкен кооператив құрғысы келетінін айтқан. Егер жоспар жүзеге асса оған мүше болғандар үшін тиімділігі артпақ. Яғни, баға тұрақталып, өздерінің өнімдерін қайда тапсыратынына алаңдамастан жұмыстарын атқармақ.Кооперативке қызыққандар ғана мүше болады.
– Бұрыннан өзімізде 28,30 гектарлы үлкен шаруашылығы барлар өнімдерін Солтүстік Қазақстанға жіберетіндіктен, әзірге қосылуға ниет танытпады. Жылыжай егелеріне минералды тыңайтқыштар мен арамшөпке қарсы қолданылатын химиялық қоспа гербицидтер төмен бағада берілуде. Биыл көмір бағасы жолға қойылды,- дейді Нұрболат Зәйінұлы.
Қапланбек ауыл округіне қарасты «Жібек жолы» ауылындағы «Занджанижад» шаруа қожалығының басшысы Рүстем Занджанижад 3 гектар жылыжайдың 1,2 гектарына қызанақ екен. «Қаңтарда егіп, наурызда жинап аламыз. Биыл ерте көктемде осы жерден келісін 500-800 теңге арасында бердік. Жылына бір гектардан 100 тонна қызанақ өнімін береді. Жазға қарай бағасы 250-300 теңгеге түседі. Тұтынушы қай қаладан шықса алдымен сонда жібереміз. Қазіргілер 20 күнде піседі. Сосын жаңадан көшет отырғызып тамызда үшінші рет егіп, оны қазан-желтоқсанда жинаймыз. «Атия» деген голландиялық сорттағы қызанақты күтіп-баптау жұмыстарын 15 адам атқарады. Көбіне Ресей асатындықтан ұзақ жолға шыдамды болу үшін қатты, тез бүлінбейтін сортын таңдап, нарыққа шығарғанымызға 4 жыл болды. Өнім піскенде әр гектардан 100 тоннадан аламыз,- деген жылыжай басшысы бұл салада 20 жылдық тәжірибесі бар екенін тілге тиек етті.