Мөлшерлеме дәлізі – +/– 1 пайыздық пункт.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ақша-кредиттік саясат жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 14,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлады қаржылық институттың баспасөз қызметі.
"Жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтарда 9,5%-ға дейін баяулады. Бұл Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Бағалардың жалпы өсіміндегі баяу үрдіс – жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатына, жаһандық инфляциялық қысымның және өндіріс шығасыларының төмендеуіне, логистикалық тауар жеткізу жолдарының біртіндеп қалпына келуіне, биліктің инфляцияға қарсы шараларына, сондай-ақ өткен жылғы жоғары база әсерінің ықпалына байланысты", – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
2024 жылға инфляция болжамы 7,5-9,5% аралығында, 2025 жылға 5,5-7,5% шегінде сақталды. 2026 жылы инфляция 5-6% шегінде болжанып отыр. Инфляцияны болжаудағы негізгі тәуекелдер бюджеттік саясат параметрлеріндегі белгісіздікке, инфляциялық күтулердің тұрақтанбауы жағдайында инфляцияның орнықты динамикасына, сауда-серіктес елдерге қатысты ықтимал жаңа санкцияларға байланысты.
Бұл параметрлерге сәйкес Қазақстан экономикасының 2024 жылы өсу болжамы 3,5-4,5%-ға дейін көтерілді. Ал 2025 жылға болжам 5,5-6,5% аралығында сақталды. 2024 жылы экономиканың өсуі іскерлік белсенділік жағдайының жақсаруына байланысты ішкі сұраныс есебінен қамтамасыз етіледі. 2025 жылы экономиканың мейлінше жоғары өсуі, көбіне, ТШО-да өндірістің кеңеюі есебінен мұнай өндірудің артуымен қамтамасыз етіледі. 2026 жылы мұнай бағасының сценарийге сәйкес төмендеуінен және болжамның ағымдағы алғышарттарынан ЖІӨ-нің өсу қарқыны 3,5-4,5% болады. Қазақстанда жаңа экономикалық саясаттың қалыптасуы мен іске асуына қарай ЖІӨ өсуі мен инфляция болжамдары қайта қаралуы мүмкін.