
Төлеби ауданында туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жыл сайын қарқын алып келеді. Табиғи әлеуеті жоғары өңірде жаңа туристік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, заманауи демалыс орындарының саны артуда. Соның нәтижесінде ауданға келетін туристер легі де жылдан-жылға көбейіп, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беруде.
Ауданның көркем табиғаты – туризмді өркендетудің басты артықшылықтарының бірі. Биік тау сілемдері, көрікті шатқалдар, мөлдір өзендер мен бұлақтар, сондай-ақ табиғи қорықтар мен ерекше ландшафттар отандық және шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын арттырып келеді. Сондықтан Төлеби бүгінде экологиялық және демалыс туризмін дамытуға қолайлы өңір ретінде танылып отыр.
Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жүйелі түрде жалғасады. Атап айтқанда, 2024–2030 жылдар аралығында ауданның туризм саласын дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 миллиард теңгені құрайтын 23 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар аясында жаңа туристік нысандар мен демалыс орындары салынып, туристерге көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі.
Туризмді дамыту аудан экономикасының басқа салаларының да өсіміне оң ықпал етуде. Былтыр ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 145 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткішті 149,8 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім көлемін 369 миллиард теңгеге дейін арттыру межеленген.
Сонымен қатар, 2030 жылға дейін өнеркәсіп өнімінің көлемін 49 миллиард теңгеден 115 миллиард теңгеге, құрылыс көлемін 10 миллиард теңгеден 15 миллиард теңгеге, сауда көлемін 28 миллиард теңгеден 84 миллиард теңгеге, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 62 миллиард теңгеден 154 миллиард теңгеге дейін ұлғайту көзделген.
Жоспарланған жобалардың толық іске асуы нәтижесінде 2030 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 2,3 есеге, ауыл шаруашылығы 2,5 есеге, құрылыс саласы 1,5 есеге, сауда көлемі 2,9 есеге, ал туризм саласының негізгі көрсеткіштері 3,7 есеге өседі деп күтілуде. Бұл межелер Төлеби ауданының туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңір экономикасының тұрақты дамуына да берік негіз қалайды.
