Төлеби – төрт мезгілдік туризмнің мекені

image.png

Төлеби ауданында туризмді дамыту – әлеуметтік-экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі. Өңірдің табиғи ерекшеліктерін тиімді пайдалану арқылы жаңа туристік нысандар ашылып, инфрақұрылым жаңғыртылып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар ауданның туристік тартымдылығын арттырып, экономиканың дамуына тың серпін беруде.

Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, бүгінде аудан Түркістан облысындағы туризмі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналған. Қазіргі таңда мұнда 260 демалыс орны жұмыс істеп, бір мезетте 5 500-ден астам туристі қабылдауға мүмкіндік бар.

«Біз туризмді үш негізгі бағыт бойынша дамытып келеміз. Біріншісі – Ақмешіт-Біркөлік шатқалы, екіншісі – Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі мен Қасқасу аумағы, үшіншісі – Төңкеріс елді мекені маңындағы Балдыберек өзенінің бойы. Біркөлік шатқалының өзінде 197 демалыс орны орналасқан. Ал Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінде теңіз деңгейінен 4 800 метр биіктікте орналасқан Сайрам шыңы бар. Бұл жерге жыл сайын көптеген альпинистер келеді. Осыған байланысты аталған аумақта альпинистерге арналған арнайы база салуды жоспарлап отырмыз», – дейді аудан басшысы.

Әкімнің айтуынша, туризмнің тағы бір перспективалы бағыты – Балдыберек өзенінің бойындағы туристік аймақ. Қазіргі таңда мұнда заманауи апарт-отельдер салу мәселесі бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар Түркияның Каппадокия өңіріндегі тәжірибе негізінде әуе шарларымен серуендеу жобасын жүзеге асыру да жоспарланып отыр.

«Жалпы, Төлеби ауданының туризм саласын дамытуға мүмкіндігі өте жоғары. Табиғи әлеуетті тиімді пайдалану арқылы алдағы жылдары өңірдің туристік тартымдылығы едәуір артады деп күтілуде», – деді Еркеғали Әлімқұлов.

Аудан басшысының сөзінше, қолға алынған жобалар Төлебидің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, өңірге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканың дамуына да тың серпін бермек.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Таза табиғат – туризмнің басты кепілі
  • Экотуризмге инвестиция тарту жалғасуда
  • Төлеби – төрт мезгілдік туризмнің мекені
  • Төлеби туризмі жаңа серіктестікке жол ашты
  • Төлеби және Паркент: Туризм мен инвестиция саласындағы байланыстар нығаяды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер