Тарихтан сыр шертетін жәдігерлердің орны – музей екені анық. Еліміздегі экспонаттар саны мен құндылығы жағынан алдыңғы орында тұратын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейі» көне мұралардың ағыз ордасы дерсің. Жақында аталмыш ұжым ел ішіндегі жәдігерлерді жинақтау мақсатында «Музейге сый» акциясын өткізді.
«Ел іші өнер кеніші» дегендей шараға қатысқан көнекөз қариялар мен қонақтар 46 дана заттай құндылықтарды сыйға тартты. Олардың қатарында ХV ғасырда соғылған Тимуридтер фулустары мен ХVI ғасырға тән Адиль хан және ХIХ ғасырдағы Бұхара әмірлігінің тангалары, 2 дана жазба ескерткіш, яғни «Фиқул Әкбар» (Әл – Фиқул – Әкбар – Имам Ағзам Әбу Ханифа кітабы) және Ахмад Һади Мақсуди Ғибадат Исламиат топтамасының Ораза, Зекет, Хаж туындылары бар.
Сондай-ақ, этнографиялық тұрмыстық тоқыма, металл бұйымдар мен зергерлік әшекейлер және IX-X ғасырдың қыш құмыралары мен 9 дана монета табысталды.
40 жылдық тарихы бар "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі 1978 жылы Республикалық музей ретінде ашылар кезде Мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен, жергілікті партия комитетінің қолдауымен халықтың қолында сақталған құнды дүниелер музейге сый ретінде тапсырылғаны белгілі. Бұл үрдіс музейде осы күнге дейін жалғасын тауып келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі республикалық музей ретінде халыққа қызмет көрсете бастаған кезде музей қорында 300-ден аса жәдігер болса, қазіргі күні 24 420 жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған. Оның ішінде сыйға берілген жәдігерлер саны - 1680 дана.
Шара алдағы уақытта да жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.