Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев жұмыс сапарымен Кентау, Бәйдібек және Ордабасы аудандарын аралады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімдердің есебін тыңдаған Мейіржан Иябайұлы аудандардағы индустриялық және туристік нысандардың жай-күйі мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдеріне шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, экспорт пен туризм саласын жандандыруды қолға алуды міндеттеді. Әсіресе, инвестиция тарту және экспортты дамыту бірінші кезекте назар аударатын мәселе. Бұл арқылы ауданның экономикасы алға жылжиды. Ол үшін экспорттаушыларға қолдау жасаған абзал. Бұған әкімдердің де жауабы дайын болды. Яғни, инвестициялық жобалардың тізімі жасақталатынын, өңірдегі экспорттаушылардың ұсыныстарын қабылдап және экспорттау жұмыстарына кедергі келтіретін мәселелер арнайы құрылған Жобалық кеңседе қаралатынын айтты.
Эскпорттаушылар үшін облыста 24/7 бірыңғай Call Center жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерлерге арналған барлық қажетті ақпарат орналасқан веб-портал сынақтан өткізілуде. Оған қоса аудан басшыларына «қарапайым заттардың экономикасы» даму бағдарламасы негізінде жұмысты күшейту тапсырылды. Облыс басшысының тапсырмасына сай, екінші деңгейлі банктерден кем дегенде 20 бизнес-жобаға рұқсат алып, жүзеге асыру қажеттігі айтылды.
Мейіржан Мырзалиев әкімдерге мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге ұсынылатын қолдаудың ауқымы кең екеніне атап өтті. Сонымен қатар, әрбір аудан басшысы осы жылы Елбасының тапсырмасына сай, шағын және орта бизнесті дамыта отырып, жалпы ішкі өнімнің үлесін 28,2 пайызға жеткізу тиіс екенін естеріне салды