Кезінде отыралық диқандар жүгері егуден алдына жан салмайтын. Аудан «жүгерінің отаны» аталуы да осыдан. Алайда кейінгі жылдары бұл шаруашылық тоқырап қалып еді. Енді міне, шаруалар жүгері егуді қайта қолға алды. Мамандар мұның себебін сорланған, тұзданған жерлерді игеруде жаңа инновациялық технологияны қолданудың тиімділігінде дейді.
Осы орайда «Отырар ауданындағы суармалы тұзданған топырақтардың құнарлылығын және жүгері дақылының өнімділігін арттыруда жаңа инновациялық технологиясын қолдану» атты далалық семинар өтті. Бұл туралы аудан әкімі баспасөз қызметінің мамандары хабарлады. Семинар барысында ғылыммен ұштастыра отырып, мол өнім алудың тиімді жолдары мен мүмкіндіктері жайында кеңінен әңгіме өрбіп, облысымыздың әр өңірінен келген шаруалар өзара тәжірибе алмасты.
Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдіғали Жүнісов өтіп отырған шараның аудан шаруалары үшін маңызы зор екендігін айта келе жаңа инновацияға негізделген еңбектің нәтижесі де жоғары болатынын тілге тиек етті.
Семинарда Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР АШҒА академигі А.С.Сапаров, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.А.Сыздық, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты М.А.Ибраев, жоғарыда аталған институттың топырақ географиясы, генезисі және оны бағалау бөлімінің меңгерушісі К.М.Пачикин, Тұзданған топырақтарды мелиорациялау бөлімінің меңгерушісі М.Пошановтар көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар берді.
Жүгері өнімін арттыруда ғылымның үлесі зор екендігін жақсы білетін шаруалардың бірі «Нұрбек және Б» шаруа қожалығының иесі Болат Пазылбеков. Ол биыл 7,5 га. жерге жүгері дақылын, 2,5 га. жерге жоңышқа еккен. «Өткен жылы әр гектардан 7 тоннадан жүгері өнімін алдық. Биыл бұл көрсеткішті гектарына 10 тоннаға дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі ғылымға негізделген еңбектің арқасы»,-дейді Болат.
Жалпы Отырар ауданында шаруалар 33 мың га. жерге түрен салған болса, соның 11 мың гектардан астам жеріне жүгері дақылдарын еккен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше жылдан-жылға жүгері дақылын егуге ниет білдірген шаруалардың саны артып келеді.