Мұхит ОТАРШИЕВ, Сарыағаш ауданының әкімі: «Бюджеттің тәртібіне өзгеріс енгіздік»

Санаторий десе еске бірден шипалы суы бар Сарыағаш ауданы түседі. Дегенмен, мұнда санаторийдегідей саялап, күн ыстық екен деп терезесін қараңғылап алып жатқан жұрт жолықпады, бізге. Өйткені республикадағы жылыжайлардың жалпы көлемінің 42 пайызы, облыстағы жылыжайлардың 63 пайызы Сарыағаш ауданына тиесілі. Биыл 7 айда жылыжайлардың көлемі 32 гектарға артқан. Ал, тамшылатып суарылатын алқап 720 гектарға көбейген.  

image.png

Сарыағаш ауданына арнаған сапарымызды біз бірден бұған дейін редакцияға телефон соғып, мәселелерін жеткізіп жүрген ауылдардан бастадық. Сарыағаш қаласына кіреберісте оң қапталда орналасқан Самал шаңынауданына бардық. Мұндағы жаңа мектептің құрылысы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің араласуымен қолға алыныпты. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Алдияр Қозыбаевтың айтуынша, бұл шағынаудандағы 600 орынды білім ұясына бала сыймайды, 2000-дайы осында оқиды. Амалсыз кейбіреулері алыс болса да күре жолдың арғы бетіндегі білім беру мекемесіне қатынайды. Бұған бей-жай қарай алмаған Мұхит Отаршиев үш ауысымда оқытудың алдын алу мақсатында 900 орынды жаңа мектеп салу туралы ұсынысын облыс басшысына жеткізген. Елжанды Өмекең қолдап, жаңа мектептің қазаншұқырын қазу жұмыстары басталып кетіпті. «Құдай қаласа, келер жылы Самалдың балалары еңселі жаңа мектепте оқиды» деді аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы Әлімжан. Қазаншұқыр басындағы әңгімемізге сол жердің тұрғыны Жәлел ақсақал араласты. 

image.png

– Осында 12 жылдан бері тұрамын. Көшіп келгенімізде бұл жақ дала болатын. Қазір қалаға айналды. Жолдарымыз асфальтталып, инфрақұрылымы жүйеленді. Халық көбейіп, мектебіміз тарлық қылып жүр еді. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері айтылып-айтылып, жүзеге аспай қап қоя беретін. Биыл міне, жаңа мектептің іргетасы қаланайын деп жатыр. Амандық болса, келесі жылы балаларымыз жаңа мектепке барады, – деген ақсақал біз арқылы басшыларға алғысын айта келіпті. 

Жартытөбе ауыл округіне қарасты Достық ауылында да осылай 300 орынды жаңа мектептің қазаншұқыры қазылып жатыр екен.

– Аудан әкімі осында елге есеп беруге келгенде жұрт жиылып, көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе – құлағалы тұрған мектептің жайын айтқан еді. Мұхит Баймұханбетұлы қабырғалары ағаш тіреулермен сүйелген ескі мектепті көріп, сол жиында-ақ жаңасын салуға уәде берді. Нәтижесін Құдай қаласа көретін боламыз. Келер жылы осы ауылдың балалары жаңа мектепте оқитын болады, – деп қазаншұқырын көрсетті Жартытөбе ауылдық округінің әкімі Абай Әшіров. 

Ескі мектепті де барып көрдік. Көңіл құлазытатындай күйдегі білім ұясы 21 жыл бұрын асарлатып салынған екен. Дегенмен, ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. 

– Жаңа мектептің құрылысы басталғанына қуанып жүрміз. Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселеміз еді. Өйткені Өзбекстанмен шекарамыз бекітілгеннен кейін амалдап, асарлатып салып алған мектебіміз апатты жағдайда. Сондықтан бұған оңайлықпен жеткен жоқпыз. Жанайқайымызға құлақ асқан аудан әкіміне, оны қолдап қуаттаған облыс басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Келесі жылы болса да балаларымыз жаңа, талаптарға сай мектепте білім алса екен, – деді қуанышы мен толқынысын жасыра алмаған Бақыт Айтөреев. 

Достықта тұратын Бақыттың екі баласы оқушы. Үшіншісі келер жылы білім ұясының табалдырығын аттайды. Ол сол үшіншісінің жаңа мектепке баратын сәтін асыға күтіп жүр.

Бұлардан бөлек, Жібек жолы ауылдық округіндегі мектептің қосымша ғимаратын салу өткен жылы  басталған екен. Құрылыс аяқталып таяуда пайдалануға берілмек. Ал, Жылға ауылдық округіндегі мектептің құрылысы келесі жылдың бірінші тоқсанында толығымен аяқталады.

Жартытөбе ауылдық округі шекара шебінде демесеңіз, мұнда бос жатқан алқап кездестірмедік. Керісінше, таяқ тастам жерде көрініп тұрған Өзбекстан жақ тып-тықыр. Сөйтсек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жылына бір алқаптан 2-3 өнім алу туралы тапсырмасын орындауда басқаларға үлгі болған диқандар осы Достықта тұрады екен. Ауыл шаруашылығы басқармасы осында өңірдің диқандарын жинап, Өмірзақ Естайұлының қатысуымен егістік басында семинар да өткізіпті. 

– 3 гектарға субсидия алып, алты ағайын көшеттен бастап бақша өнімдерінің бәрін егеміз. Көктемде алғашқы өнімді жинап алдық. Артынша екінші өнімге кірістік. Құдай қаласа, осы қыркүйекте жинап бітеміз. Әрі қарай үшіншісіне дайындаламыз. Өнімдерімізді өткізуде проблема жоқ. Базарға шығармаймыз, біздікін алқаптың басынан өздері тиеп алып кетеді,  – дейді «Махамбет ата» шаруа қожалығының өкілі Бекжан Сламов.

Бір жылда бір алқаптан үш өнім алу жобасын ауданда Бекжан сияқты 400-дей шаруа қолдап, білек сыбана іске кірісіп кетіпті. Енді олардың қысы-жазы үзілмеймін өнімдерін көз алдыңызға елестетудің өзі бір ғанибет...

Сарыағаш ауданында жол мәселесіне баса назар аударылып отыр. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы нәтижесінде 27 жоба іске асып, жалпы ұзындығы 37 шақырым жол жөнделіп жатыр. Сарыағаш пен  Келес ауданын  байланыстыру мақсатында Келес өзені үстынен үлкен көпір салынуда. Еңкес, Ынтымақ елді мекендерін байланыстыратын бұл жобаға облыс әкімі тарапынан қолдау көрсетіліп, керекті қаражат бөлінген.

Сарыағаш қаласының күретамыры болып табылатын Исмайлов көшесі де жөнделуде. 3,7 шақырымның асфальт жамылғысын ауыстырумен қатар бордюрларын жаңалап, аяқ жолдарды жөндеу жоспарда бар. Қазіргі таңда ауданда 34 көше жөнделіп жатыр. Оның жалпы сомасы 1,3 млрд теңгені құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр 450 миллион теңгеге жолдар жөнделген екен. Яғни, биыл жолға қаралған қаржы үш есеге дейін артқан.

Ауылдық жерлерді абаттандыру мәселелері қолға алынып отыр. Оның қатарына 10 мыңға жуық тұрғын бар Жылға елдімекені де еніпті. Бірақ, бұрын бұл ауылды көркейту туралы бастама көтерілгенмен аяқсыз қалғанға ұқсайды. Аудан әкімі Мұхит Отаршиев есеп бере келгенде ауыл тұрғындары осы мәселені алға тартса керек. Көп үзамай «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы аясында қаражат қаралыпты. 

– 10 көшеге тротуар, жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 15 мың шаршы метрге бурчатка төселеді. Тротуар жағасына 717 бағана орнатамыз. Жылға-Монтайтас трассасының бойына жарықтандыруға биік 157 бағана тұрғызылады. Жұмысымызды екі ай бұрын бастағанбыз, қараша айында аяқтаймыз. 80-нен астам жұмысшымыз бар, 60-ы жергілікті тұрғын. Техикаларымыз да жеткілікті, – дейді мердігер мекеменің прорабы Кеңес Бейсенбай. 

Осы аймаққа әкім боп тағайындалғанына тамыздың соңында бір жыл толған Мұхит Отаршиевпен қайтарда жолықтық. Ол жұмыс күнінің тығыздығына қарамастан арнайы уақытын бөліп, өзіміз көріп куә болған істердің жай-жапсарын толықтыра әңгімеледі.   

image.png

– Біз аудандық бюджеттің құрылым тәртібіне кішкене өзгеріс енгіздік. Өйткені елді мекендерге барып, тұрғындармен кездескенімізде проблемаларын тыңдаймыз. Бір ауылда жол, мектеп, екіншісінде су, мәдениет, жарықтандыру, үшіншісінде газ, көгалдандыру, абаттандыру сияқты басқа да мәселелер көп. Бірақ, олардың барлығын бір жылдың бюджетіне ендіріп, жасап шығу мүмкін болмайды. Себебі оның бәріне бюджеттің қаржысы жетпейді. Сондықтан проблемаларды електен өткізіп, басым бағытты таңдау үшін ауданның ситуациялық картасын жасауды қолға алдық. Сол ситуациялық картада ауданның толығымен тыныс-тіршілігі көрініс табады. Мысалы, мектепке байланысты алсақ, әр ауылдық округте қанша бала, оқушы бар? Қанша мектеп, қанша балабақша жұмыс істейді? Келесі жылы мектеп табалдырығын аттайтын балақайлардың саны қанша болады? Осының бәріне жауап іздейміз. Сарыағаш демографиялық өсімі жоғары аудандардың бірі болғандықтан биыл жоқ проблема келесі жылы туындауы мүмкін. Дұрыс жобаламасақ, мектепке оқушы сыйдыра алмай үш ауысымда оқуы да ғажап емес. Себебі ауданда оқушылардың саны әр оқу жылында 4-5 мыңға көбейіп келеді. Бұл бір ғана мысал. Басқаларын да осылай ситуациялық картаға қарап, алда атқарар жұмыстарымызды жоспарлайтын боламыз, – дейді аудан әкімі. 

Бұдан бөлек, биыл аудандағы басты проблемаларды шешу бойынша жол картасы жасалыпты. Картада әрбір бөлім, әр маман қандай проблемаларды шешу керектігі, бастысы  шешілу мерзімдері көрсетілген. Соның ішінде Жібек жолы, Таскен ауылдық округтерінде газ тарату тораптарының мәселесі де бар. Аудан басшылығы құрылысы біткен Таскендегі торапты жылдың аяғына дейін іске қосып, елді мекендерге газ беруді жоспарлап отыр екен. Бұған облыстық бюджеттен 11 млн теңге бөлініпті. Бұл тек Сарыағаш ауданының елді мекендерін ғана емес Келес ауданының ауылдарын да көгілдір отынмен қамтуға көмектеседі. Ал, Жібек жолы торабы жарамсыз күйде екен. Жаңасын салмаса болмайды.

Шипалы сумен шартарапқа танылған Сарыағаш ауданында ауызсу мәселесі өте өзекті. Бұл бағытта Бостандық, Әлімтау елді мекендерінде жұмыстар басталып кетіпті. Келесі жылы аталған ауылдарда ауыз су мәселесі толығымен шешімін таппақ. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер