Шымкентте тарихи-мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау және олардың айналасын қоқыстарды тазарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Ескерткіштерді күтіп ұстауға жауапты қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы кестеге сәйкес, әр екі апта сайын тарихи-мәдени есткерткіштерге тазалық жұмыстарын жүргізіп отырады.
Қаламыздағы Абай Құнанбаев, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова т.б. ұлт тұлғаларына арналып қойылған ескеркіштердің әрқайсының тарихы терең.
Шымкент қаласындағы Абай саябағында тарихи-мәдени нысанның бірі – Абай ескерткіші. Ол 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай орнатылған. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардағы тарихи нысанның Шымқаладан ашылуы халықтың рухын көтеріп, бір серпілткен болатын, деп жиі айтады көнекөз қариялар. Егемендікке қол жеткізген жылдардан бастап еліміздің саяси-экономикасында үлкен серпіліс басталды. Шымкент қаласында да өзгерістер орын алып, үш аудан құрылып, соның біріне Ұлы Абайдың есімі беріледі. Яғни Абай ауданы 1992 жылдың 14 наурызында құрылады. Ал Абай даңғылы сол жылдардағы көрікті көшелердің бірінен саналатын. Көп ұзамай бұған дейін 25 жыл бойы «Октябрьдің 50 жылдығы» аталып келген саябаққа қазақтың бас ақынының есімін беру туралы ұлт зиялыларының ұсынысы қабыл болып, ҚР Үкіметінің арнайы қаулысы шығады.
Сол кездегі қала әкімі Сейіт Белгібаев деген азамат болатын. Саябаққа Абай ескерткішін қою туралы зиялы қауымның атынан жазылған
ұсынысты әкім қолдап, саябақта алдымен ескерткіштің орнын нақтылап, белгі тас орнатылады. Арада бірнеше жыл өтсе де сол белгі тастың орнына ескерткіш қою ісі кейінге қала берді. Ол кезде елдің экономикалық жағдайы мәз емес еді. Демеуші болар қалталы азаматтардың да қатары көп емес. Бірақ, аудан аумағында орналасқан сол кездегі электр-механикалық, қорғасын зауыты секілді ірі кәсіпорындар мен
«ХХІ-партсьезд» совхозының жігіттері көп қолдау көрсетіп, ескерткіш бой түзейді. Ескерткіш авторлары – сәулетшілер Насыр Рүстемов пен Дәурен Әлдеков.
«Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Дерекке сүйенсек, Қазақстанда А.Құнанбайұлына арналған 14 ескерткіш бар екен. Абай атамызға әсіресе шетелдерде мүсін орнатылып жатқанын естігенде тіптен марқаямыз. Мысалы, Өзбекстанның астанасы Ташкентте Абай Құнанбайұлына еңселі ескерткіш бар. Әзербайжанның орталығы Бакуде, Ресейдің астанасы Мәскеуде орнатылған Абай ескерткіші қазақ деген халыққа дара да дана тұлғасы арқылы құрмет көрсетіліп тұрғандай. Бұдан бөлек Стамбулда, Каирде, Будапешт пен Тегеранда, Қытайдың астанасы Бейжіңде, Францияның Ренн қаласында Абай мүсіні көрнекі орындарда ұлтымыздың абыройын асқақтата түсуде.