Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Биыл қазақ әдебиетінің үш алыбы  – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толды. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына елеулі үлес қосқан таланттар бір жылы, яғни 1938 жылы жазықсыздан-жазықсыз атылып кетті. 

Screenshot_4.jpg

Халқымыз «үш арыс», «үш бәйтерек» деп мақтан тұтып, төбесіне көтерген түлғалардың  рух¬тары сөнбейді, өшпейді, ұлы мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. 

М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-де ұлы тұлғалардың мерейтойына арналған «Үш бәйтерек» атты әдеби-сазды кеш осыны аңғартты. Зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы және студент-жастар Қатысушылар алдымен Алаш арыстарының құнды мұраларынан жинақталған кітап көрмесін тамашалады. Кеш «Мәдениет және өнер» факультетінің талантты студенттерінің «Үш бәйтерек» атты композициялық қойылымымен ашылды. 

Университеттің Басқарма Төрағасы-ректор м.у.а. Ғани Бесбаев қатысушыларды мерейтоймен құттықтап, қазақ әдебиеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмір жолынан сыр шертіп, ұлы мұраларының ұрпаққа берер тағылымын атап өтті. 

– Үш арыстың мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп жатыр. Біз де қазақ халқының үш бәйтерегі, адал перзенттер Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жылдығын атап өтіп, осы арқылы олардың шығармаларын оқу, поэзиясына сусындату, насихаттау, жастарға біздің  ата-бабамыздың қандай болғанын, кең байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты аңсап, тегіміздің мызғымас мықты екенін ұрпаққа ұғындыруды мақсат еттік, - деді Ақпараттық білім беру орталығының басшысы Индира Қобланқызы. 

Кезекті сөз алған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлинді «үш бәйтерек» деп атаудың астарында үлкен мән жатыр, -деді баяндамасында тұрлі деректерімен бөлісіп. 

–Сәкен Сейфуллин – тек жазушы, ақын болған жоқ, мемлекетіміздің іргетасын қалаудағы еңбегі ерен. Оның «Тар жол, тайғақ кешу романы өмірінен алынған, өте құнды тарихи еңбек. Роман оқиғалары арқылы Сейфуллин қазақ халқының кеңестік кезеңдегі күрес жолын, қоғамдық-саяси өзгерістерді шынайы суреттейді. Өкініштісі, Алаш арыстарының ешқайсысының мемориалдық шығарма жазуға мүмкіндігі болған жоқ, бәрі сталиндік репрессия құрбаны болып, атылып кетті. Егер оларда сондай мүмкіндік болғанда, қазақ әдебиетінде үлкен байлық, қазына қалған болар еді. 

Бейімбет Майлин аз ғана ғұмырдың ішінде біраз шаруаны тындырып кетті. Қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерді. 1938 жылы тұңғыш рет қазақ киносының басында «Амангелді» фильмі тұрғанын баршамыз білеміз. Фильмнің сценарийін Бейімбет Майлин жазған. Алайда ол оның экранға шыққаннын көрмей, қамауға алынып, жазықсыз атылды. Сондықтан оның аты-жөнін фильмнен алып тастады.

Ілияс Жансүгіров – фольклор саласында өте құнды мәліметтерді жинаған тұлға. Әр ауылға барып, әр үйге кіріп, әр шешен, ақсақал-қариямен кездесіп, «Қобыланды», «Алпамыс» жырынан бастап, тірнектеп жинаған, оларды қағазға түсіріп, ұрпаққа мұра етіп қалдырған еңбегінің өзін атап өтпеске болмайды, - деді ғалым А.Қалшабек. 

Тұлғалардың туындылары қазіргі заман үшін де өзекті. Онда халқының ұлттық болмысы, ерлік рухы, азаттық пен тәуелсіздік үшін күресі жатыр. Сонымен қатар, шығармалары әдебиетке, тарихқа, мәдениетке деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелейді. Педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Саттар Жанболатов үш арысымыздың өмір жолы мен туындыларының тарихын жастарға нықтап айтып берді.

«Сәкен Сейфуллин қысқа ғана ғұмырында 400-ден астам әдеби мұра қалдырды. Ол жазушы, ақын болған жоқ, жан-жақты талант иесі болды. Композиторлық қырының өзі керемет. Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Академик Серік Қирабаев ағамыз естелігінде былай дейді: «Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болғанда «қазақты қырғыз емес, қазақ дейік», «қазақты отрықшы етейік», «қазақ мәдениетін көтерейік», «қазақ тілін мемлекеттік тіл жасайық», «қазақ тілінде іс жүргізейік» деп талай қаулы шығарды». Сәкеннің күн тәртібіндегі сол кездегі мәселелері әлі күнге дейін өзекті. Енді оның психологиялық портретіне тоқталсақ. Жазушы, академик Ғабиден Мұстафин туралы былай дейді: «Сол Сәкенді көрмегелі міне 45 жыл өтіпті. Менің көңілімдегі оның жарқын бейнесін әлі титтей кір шалған жоқ, есіме түскен сайын орта бойлы, толқынды қара шашты, өткір, ойлы қара көзді, сымбатты, көрікті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қоңырқай кісі кез алдыма келеді. Сырты — өте сұлу, кербез, тәкаппар, іші — өте қарапайым, кішіпейіл еді. Айлалы, майда сөзді, жұмсақ мінезді емес-ті. Үні, мінезі, сөзі ірілеу болатын, айтарын турасынан келте айтатын, сенсе қалтқысыз сенетін, сенгіштік мінезі басым еді. Алданған, ие толғанған кезде сырын тек қаламы ашатын. Көп жазсам, көбірек ақша тапсам, деуден аулақ-ты. Кеудесін ой кернегенде, сөз кернегенде ғана жазуға отыратын.

Сәкен жасынан топ жара шыққан жүйрік. Жүйрік әрқилы, әрқайсысы жеріне жете тоқтайды. Атақ, даңқ, дегендер де сол сияқты. Күндік, жылдық, ғасырлық атақтар бар. Солардың ішінде Сәкендікі ең ұзағы — ғасырлық атақ. Мұралардың ең қымбаты — сөз. Сөз — күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас суық көңілді жылытады».

Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын Сапарғали Бегалин деген балалар жазушысы 20 жыл жастықтың ішіне салып, тігіп, жоғалтпа сақтаған. 1957 жылы ақталғаннан кейін, шығарманы баспаған берген, деген деректерін жастармен бөлісті ғалым Саттар Жанболатов.

Үш бәйтерек Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин ұлттық сөз өнерін қайраткер, қаламгерлігімен де биік белеске көтерді. Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты.

«Қазақтың руханияты, еліміздің тарихы үшін бастарын бәйгеге тігіп, елдіктің темірқазығын  қазағын қағып, көкжиегімізді кеңейтіп кеткені ақиқат. Қазақта «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ізгіліктің дәнін егеде» деген ұлағатты сөз бар. Олар халқының болашағын, ұрпағының қамын ойлап, ізгіліктің дәнін егіп кеткен  аптал азаматтар. Абай атамыз айтады:

 Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін, деп.

Көптің қамы, халықтың қамы, әдебиет пен тарихтың қамы үшін игілік етіп кеткен оғландарға бас иіп, мың тағзым етеміз», - деді сөзінде ғалым Әзімхан Исабек. 

Жастар әдеби кеште шоқтығы биік үш тұлғаның ғибаратты да мәнді өлеңдерін оқыды, әндерін орындады, қысқа да ауыр тағдарлы өмірлерінен сахналық көрініс көрсетті. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • «Алтын Орда - Жошы ұлысының негізгі тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Ұлттық құндылық – тәрбиенің сара жолы
  • 2200 жыл: Ескі де жаңа шаһардың құрылысы қалай дамыды?
  • Белгілі қаламгер шығармалары дәріптелді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер