Шымкент қаласында ұлттық мейрам саналатын Республика күнін тойлау басталып кетті. Мереке қарсаңында қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл-тәуелсіздік символы» атты байқау өтті. Басты мақсат-мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілді дәріптеу, оның тәуелсіздікпен тікелей байланысын көрсету және жастардың қазақ тілін меңгеруіне ықпал ету. Мұндай байқауларға мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар және басқа да азаматтар қатысып, өз білімдерін, тіл шеберліктерін, әдебиетке және тарихқа деген қызығушылықтарын көрсетуге мүмкіндік алады” дейді ұйымдастырушылар.
Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тілді үйренуге, оны қолдануға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Мектеп пен жоғары оқу орындары ғана емес, кәмелетке толған әрбір қазақстандықтың тіл меңгеруі үшін арнайы оқыту орталықтары жұмыс істейді. Бұл орайда қазақ тіліне деген қызығушылық танытқан өзге ұлт өкілдері де жыл санап артып келеді. Мәселен, №48 жалпы орта білім беретін мектебінің ұстазы Мафтуна Сейдова байқау туралы естіген сәттен бірден қатысуға өтінім беріп, дайындыққа көшкен. Қазақ тілін бала кезінен жетік білетін ол тіл сайысына қуана-қуана қатысуда. Оның айтуынша, қазақ тілін үйренемін деген адамға ең бірінші ниет керек. Ал, басты мақсаты қазақ тіліне деген құрметін, махаббатын көрсету, көпшілікке үлгі болу дейді ол.
Жалпы, қалалық тіл байқауы үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Жұлдызды сәт» үміткерлер өз өнерін көрсетуі керек. Ән айтады, би билейді, мәнерлеп көркем сөз оқиды. Ал, екінші кезеңде қатысушылар Отан, ел, туған жер туралы мақал-мәтелдерді жалғастырды. Шешуші сайыста салт-дәстүр, белгілі тұлғалар бойынша мәліметтер айттты.
Байқауға қала, аудандар арасынан іріктеліп өткен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы этнос жастары қатысты.
Иә, Қазақстанда этнос өкілдері қазақ тілінің мәртебесін көтеруде үлкен үлес қосып келеді. Бұл Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы бірлік пен ынтымақты нығайтудың маңызды қадамы. Қазақ тілін үйреніп, оны еркін меңгерген түрлі этнос өкілдері тек тілге деген құрметін ғана емес, сондай-ақ елдің мәдениеті мен дәстүріне деген сүйіспеншілігін де көрсетеді.
Этнос өкілдері қазақ тілін оқыту орталықтарына белсене қатысып, тіл байқауларына, түрлі мәдени іс-шараларға араласады. Көптеген этнос өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісіп, басқа ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандырып, үлгі көрсетуде. Сонымен қатар, олардың арасында қазақ тілінде кітап жазып, ән айтып, өнер көрсететіндер де аз емес.
Осындай ынталандырушы әрекеттер қазақ тілінің мәртебесін арттырып қана қоймай, этносаралық татулық пен ұлттық бірегейлікті нығайтуға да септігін тигізеді. Қазақ тілін меңгеру арқылы түрлі ұлт өкілдері елдің ортақ мәдени құндылықтарына жақындай түсіп, қазақстандық біртектілік сезімін күшейтеді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша І, ІІ, ІІІ орын алған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, қатысушылардың барлығы алғыс хаттармен марапатталды.