Жетістікке жетелеген 70 жыл

«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені» ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Screenshot_17.jpg

Әр ұлттың болмысы мен құндылығына, қасиеті пен құдыретіне, өсиеті мен өнегесіне бойлатып, жан азығын сыйлайтын киелі орын – кітапхана. 

Екі мың жылдан астам тарихы бар шежірелі Шымкент шаһарындағы рухани құндылықтың мекені – Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі. Іргетасы 1954 жылы қаланған кітапхананың руханиятқа риясыз қызмет етіп келе жатқанына биыл 70 жыл толып отыр. 

1947 жылы теміржол клубына қала тұрғындарының бастамасымен жинақталған кітаптар 1951 жылы Чапаевка поселкасына көшіріліп, жұмыс істей бастайды. 

1954 жылы Еңбекшілер депутаттарының Шымкент қалалық Советі Атқару комитетінің шешімімен өндірістік кәсіпорындарда 2 кітапхана ашылады. Олар Кірпіш зауытындағы №7 және Текстиль тігін фабрикасындағы №8 кітапхана. Оның біріне жазушы-публицист М.Горькийдің, екіншісіне орыстың классик жазушысы А. П. Чеховтың есімі беріледі.

1964 жылы қаладағы Б.Момышұлы көшесіндегі 20-үйдің 1-қабатына орналасады. Мұнан кейінгі кезеңдерде орталық жүйеге қарасты кітапхана бөлімшелерінің саны 30-ға дейін көбейеді. Бұл қала халқының кітап оқуға деген ынта-ықыласы мен қызығушылығының мейілінше артқан кезі болатын. 

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап кітапхана ісі жаңашылдық бағытпен даму жолына түсті. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 наурыздағы №200 қаулысымен Шымкент қаласының А.М.Горький атындағы қалалық орталық кітапханасына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Бүгінде тарихы терең кітапхана кемелденіп, оқырмандарының көптігімен  дараланып отыр. 

Шымкент қаласы әкімдігінің 2009 жылғы 20 мамырдағы №711 қаулысына сәйкес орталық кітапхана көпшілік кітапханалар жүйесі және балалар кітапханалар жүйесі болып екіге бөлінеді. 

2013 жылы Төлеби, Сайрам аудандарынан 5 кітапхана бөлімшесі қосылады.  

Қазір ірі мегаполисте орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің 23 бөлімшесі бар. Олар шаһардағы бірнеше шағынауданда және Сайрам, Тоғыс, Шапырашты, Базарқақпа, Жыланбұзған, Қызылжар тұрғын алабтарының мәдениет үйлерінде орналасқан. Бұдан басқа 4 қоғамдық ұйымда жылжымалы кітап беру пункттері жұмыс жасайды. Атап айтсақ,

    1) «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалында;

    2) «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында;

    3) «Ізетті зейнеткер» мекемесінде;

    4) №2 Оқушылар сарайында оқырмандарға әрі тиімді, әрі жайлы орта қалыптасуда. 

Бүгінгі таңда кітапхана жылына 103 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіп келеді.  Келушілер саны 580000-ға жуықтаған. Кітап қоры –  554116  дана, мемлекеттік тілдегісі – 179421. Оның 106 875-і әлеуметтік саяси әдебиет, 37 775-і жаратылыстану ғылымдарының әдебиеті, 24 998-і техникалық және ауыл шаруашылығы әдебиеті, 33254-і өнер, спорт, туризм әдебиеті, 59420-сы тіл білімі, 291 794-і көркем әдебиет.

Кітапханада әдебиет саласындағы құнды жәдігерлердің, танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын қамтитын кітаптардың «АЛТЫН ҚОРЫ» жинақталған. Қордағы ең көне кітаптардың ішінде Алексей Мерзляковтың 1830 жылы Мәскеу қаласындағы баспадан шыққан «Песни и романсы» кітабы, Федор Достаевскийдің 1895 жылы баспадан шыққан «Дневник писателя»,  Гогольдің 1901 жылғы шығармалар жинағының 7-томы бар.

Мемлекет тарапынан кітапханаларға қолдау көрсету, ұдайы көңіл бөлу – халықтың руханиятына көрсетілген қамқорлық. Соңғы екі жылда кітапхана жүйесінің 7 ғимараты заман талабына сай жаңартылып,  материалдық-техникалық базасы толықтырылды. Нәтижесінде оқырмандар саны: 

    2021 жылы 72 902 болса; 

    2022 жылы 101 790-ке; 

    2023 жылы 102 044 көбейді; 

Ал биыл бұл көрсеткіш 103 мыңға дейін артқалы отыр.  

Библиографиялық және ақпараттық басылымдарға сипаттама берілген 1 065000 анықтамалық карточка бар. Жылына 10 000-ға жуық карточка құйылады. 

Мерзімді басылымдардың қоры 7689 дананы құрайды. Оның 6437-сі қазақ тілінде ұсынылады.  

Қала тұрғындарының кітап оқу мәдениеті мен кітапхананың имиджін қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар жүзеге асырып келеді. 

Жұртшылықты қызықтырған жобаның алғашқысы «КІТАП ОҚИТЫН ШЫМҚАЛА» буккроссинг көше сөрелері. 

Шымкент қаласы логотипінің дизайнында жасалған сөре қоғамдық орындарға, гүлзарларға, аулаларға қойылған. «Өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген буккроссингтің басты мақсаты − оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау», оқырмандар арасында кітап алмасу. Жоба 2021 жылдан  бері жүзеге асуда.  

Көпшілікті елең еткізген екінші жоба «КІТАП КЕРУЕНІ» жылжымалы көрмесі.

Мереке күндері мен атаулы даталарда «АBAY» дизайнындағы   сөрелер Абай саябағы мен «Арбат» демалыс аймағында, «Шымкент плаза» сауда орталығына қойылып келеді. Мақсат – қала тұрғындарын жаңа, мотивациялық және бестселлер кітаптар топтамасымен таныстыру. «КІТАП КЕРУЕНІ» жылжымалы көрмесіне осы кезге дейін 12 732 қала тұрғыны қатысты. 

Ұлы ойшыл есімін иеленген кітапхана ұжымы «10 тамыз – Абай күні» аясында оқырмандар арасында «АБАЙ ӘЛЕМІ» байқауын 2023 жылдан бастап ұйымдастыра бастады. Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, қарасөздері мен шығармаларын әсерлі оқып, әлеуметтік желіге жариялау сайысына 400-ге жуық үміткер қатысты. Байқауға қатысушылардың әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларының қаралымы 100 мыңға жуықтады. Жеңімпаздарға «Apple iPhonе 14» ұялы телефоны, планшет, фотоаппарат, басқа да бағалы сыйлықтар мен «Абай жолы» эпопеясының                 4 томдығы, «Абайдың қара сөздері» кітаптары берілді.   

Шымкентте кітапханаға жиі келіп, көп  шығарма оқыған оқырман театр мен киноны тегін тамашалап, мейрамхана мен жаттығу залына жеңілдікпен бару мүмкіндігіне ие бола алады. Кітапхананың жаңа «BOOK СARD» карталық жобасы кітапсүйер қауымды ынталандырып, олардың қатарын көбейтуге игі әсер етуде. Оқырмандардың кітапханаға келу жиілігіне қарай мәртебесі жоғарылай береді. Сондай-ақ, жобаның  шартына сәйкес деңгейі өскен сайын ынталандыру сыйлықтары да арта түседі. Мұны айғақтау үшін оқырмандарға бес түрлі карта беріледі. Жобаның демеушілері – қаладағы мәдениет ошақтары, суда жүзу орталық кешені, «Кәусар» дәмханасы  және  «Кинопарк» желілері.  

Сондай-ақ қоғамдық орындарда, аулаларда жаңа кітаптар топтамасымен таныстыру мақсатында «САЯХАТТАУШЫ КІТАПТАР» жобасы ұйымдастырылуда. Жобаның мақсаты – қала тұрғындарын кітапхана қорына түскен жаңа, бестселлер, мотивациялық және атаулы күндерге арналған кітап көрмелерімен таныстыру. 

2023 жылдан бастап сирек кітаптар мен қолжазбалар қорын толықтыру мақсатында «СИРЕК КІТАПТАР СӨРЕСІ» марафонын өткізуде. Айта кетерлігі, жинақталған 40-тан астам сирек кітаптың ішінде 1948 жылы баспадан шыққан Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының ең алғашқы нұсқасы «Абай» кітабы, Бауыржан Момышұлының қолтаңбасымен «За нами Москва» кітабы бар.   

Келесі «ОҚЫРМАНМЕН ОЙТАЛҚЫ» жобасы.  Кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларының тікелей эфирі арқылы ұйымдастырылатын жобаға 20-ға жуық қоғам белсендісі қатысып, өрелі ойларымен бөлісті. 

Ал «ОҚЫРМАН ОЙЫ» клубы мүшелері айына бір рет бас қосады. Олар өздері таңдап алған кітаптарды талқылайды. Клубтың алғашқы отырысы Бразилия жазушысы  Пауло Коэльоның «Алхимик» кітабын талқылаудан бастап, шығыстанушы, логотерапевт Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабын талқылаумен жылды қорытындылады. Сондай-ақ, дәстүрлі түрде «Абай әндерін шырқайық» караоке кештері ұйымдастырылып тұрады. 

«АЯЛЫ АЛАҚАН» жобасы. Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың, зейнеткерлердің сұраныстарына қарай кітаптар мен мерзімді басылымдарды үйлеріне жеткізіп, кітапхананы қолжетімді ету.  

Модернизациядан өткен №1 және №10 кітапхана бөлімшелерінің ауласына «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында кітаптардың  QR коды бейнеленген орындықтар қойылған.   

Қала жұртшылығы QR код арқылы ұнаған кітаптарын телефонына жүктей алады.  «ОҚЫ. ТАНЫ. ТАЛҚЫЛА» атауымен «Telegram» каналы арқылы жүктелген әдеби-көркем, тарихи-деректік шығармаларды 8685 желі қолданушысы оқыған.

Кітапхананың өз тәлімі мен тағылымы бар. Өйткені мұнда әр заманның бет-бейнесі мен әдебиет және сезімді жырлайтын поэзия құдыреті бар. Кітапхана өткенімізді толғайды,  бүгінді болашаққа жалғайды. Сондықтан да кітап әлемі биік өре, рухани азық, интел-лектуалдық байлық  ретінде ұлтпен бірге жасай бермек!

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқыма тоқудың пайдасы мол
  • «Молда Мұсаның әдеби мұрасы»
  • Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы
  • Көксерек әңгімесін талқылады
  • «Бір қала - бір кітап»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер