Бүгінде Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорындар шаһардың дамуына сүбелі үлесін қосуда. Осы орайда Миллионды қала кәсіпкерлері өзімізден шыққан өнімдердің сапасын арттырып, әлемге танытуды қолға алып отыр. Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылда жеткен жетістіктерінің бірі жылына 24 млн жұп шұлық шығаратын «Аlem БТ» зауыты.
«Аlem» зауыты «Оңтүстік» экономикалық аймақта орналасқан. Аумағы 12000 шаршы метр. Тұңғыш президент Нұрсултан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы құрылған. Сондай-ақ “Жаңа идустриалды Қазақстан” жобасының қатарында болған айрықша обьект. Аталған зауыт Оңтүстік Корея технологиясы бойынша салынған. Жақын арада Еуропалық стандарттарға ие болып, әлемдік брендке айналдыруды жоспарлауда.
Бүгінде зауытта әртүрлі дизайндегі сапалы шұлықтар жасап шығарылады. Бағасы да қалта көтерімді. Сұранысқа ие. Әсіресе, шет мемлекеттерден тауарға деген қызығушылық жоғары көрінеді. Қазіргі таңда зауыттағы 75% өнім экспортта. Оның ішінде көрші Ресей, Италия мемлекеттері басты тұтынушы болып отыр.
Айтып өтейік, “Alem” зауытының толыққанды қуаттылығы жылына 24 миллион жұп. Алдағы уақытта инвесторлардың қолдауымен Италияның «Lunati» станоктарын алып, қуаттылығын бірнеше есе арттыруды жоспарлап отыр.
"Мен Түркиядан Қазақстанға арнайы осы фабриканы дамыту үшін келдім. Алдын Өзбекстанда жұмыс істегенмін. 30 жылдық тәжірибем бар. Осы елде тоқыма мектебі ашылса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Оның ішінде осы шұлық жасап шығару саласын қолға алу керек. Өйткені бұл мемлекетте мақта бар, әртүрлі жеңілдіктер де қарастырылған және жұмыс күші де бар. Тағы айтқым келетіні, қазіргі таңа фабриканың жағдайы жақсы, бірақ біраз уақыт өткен соң бұдан да жақсы болатынына сенемін",- дейді «Аlem БТ» зауыты директорының міндетін атқарушы Исмаил Жанполат.
Қазіргі таңда фабриканың беделін арттыру үшін арнайы Түркиядан мамандар келіп жұмыс істеуде. Алдағы уақытта зауыт жылдық қуаттылығын арттырып, отандық өнімге деген сұранысты арттыруды көздеп отыр. Ол үшін жоспарға сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылуда.