Қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуда жеңіл өнеркәсіптің алар орны ерекше. Себебі, қоғамдағы жұмыссыздықты жоюдың бірде-бір тиімді жолы осы өнеркәсіп саласы. Тіпті, бұл саланың өндіретін өніміне деген сұраныс жоғары. Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп ел экономикасын көтеруде де айрықша басымдыққа ие. Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор саланы дамытуға әлемнің көптеген елдері әлдеқашан түбегейлі бетбұрыс жасаған. Солардың бірі, ресейлік жетекші кәсіпорындардың бірі «TDL Textile» компаниясы.
Үшінші мегаполис мэрі Мұрат Әйтенов жеңіл өнеркәсіп саласында ортақ жұмыс жасауға ниет білдірген ресейлік жетекші кәсіпорындардың бірі «TDL Textile» компаниясының құрылтайшысы Р.Петровті қабылдады. Аты аталған компания - табиғи маталар, үй тоқымасын және медициналық өнімдерді өндіретін танымал кәсіпорындардың бірі. Бұл компанияның Иваново, Кострома және Мәскеу облыстарында 5500-ден аса қызметкері бар.
Сонау ресейден келген кәсіпкер «Оңтүстік» АЭА-да орналасқан «Azala Cotton» тоқыма фабрикасының жұмысымен танысқанын айта келе, ортақ жұмыс жасауға мүдделілік танытатынын білдірді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов ресейлік кәсіпкерге Үшінші мегаполситегі өнеркәсіп саласының жетістіктерін айта келе, бірлесе жұмыс істеу мүддесін қолдайтынын жеткізді.
- Шымкент – дамыған инфрақұрылымы, бай табиғи және еңбек ресурстары бар Қазақстанның экономикасы дамыған үшінші мегаполисі. Қала Орталық Азияда инвестициялар мен технологияларды тартудың жаңа орталығына айналуы үшін зор әлеуетке ие. Өңірлік бөліністе қаланың жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 9,6 млрд.теңгені құрап (жыл басынан бастап) елімізде бірінші орын алып, өткен жылмен салыстырғанда 134,1%-ға ұлғайды. Қала өндірісінің жалпы көлеміндегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 3,9% - ды, елдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі-20,7% - ды құрайды, - деген қала әкімі жаңа жобаларды бірлесе жасауға шақырды.