Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу кезінде қарбалас пен ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін, әрбір іс-шара елге пайда әкелетін нақты қадамдармен байланысты болуы тиіс екенін атап өтті. Әсіресе қоғамның рухани дүниесін байтытатын іс шараларға мән беру керектігін тілге тиек етті.
Осы ретте жақында Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында «Тәуелсіздігімізге 30 жыл — 30 кітап» атты іс-шара болып өтті. Рухани жиын барысында қатысушыларға кітап көрмесі ұйымдастырылып, таңдалған 30 кітаптың авторлары мен шығармалары талқыланды. Сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихынан да сыр шертілді.
Айта кетейік, «Бір ел - бір кітап» акциясының мақсаты – халық әдебиетін насихаттау, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау, жастарға адамгершілік-патриоттық тәрбие беру, ана тілін құрметтеу, қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап, халықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, сонымен қатар жас ұрпақтың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосу.Қазақстанда 2021 жыл Тәуелсіздік жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Аталмыш акция аясында «30 кітап - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелген еді.