1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.
Шымкент қаласының Тұран ауданында Конституция күніне орай Шымкент қалалық опера және балет театрында мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Мерекелік концертте Тұран ауданының әкімі Боранбай Булатбеков аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
«Сіздерді мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Конституциямыздың қабылдануы барлық қазақстандықтар үшін ерекше оқиға болды. Конституция - халықтың бірлігін, қоғамдық және рухани келісімін нығайтып, егемендік пен саяси тұрақтылықтың кепіліне айналды.
Ата Заңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау – әрбір қазақстандықтың парызы және міндеті.
Баршаңызға игілік пен бақ-береке тілеймін! Отанымыз нығайып, дами берсін!
Сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін!», - деді Боранбай Нығметұлы.
Сондай-ақ, мерекелік концерт барысында ауданның белсенді азаматтары мен демеушілер арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Мерекелік шара барысында әсем әуендер шырқалып, бишілер өз өнерлерін көрсетті.