Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар. Мұндай батыл пікірді белгілі ғалым Бауыржан Байтанаев екі мыңыншы жылдардың басында айтқан болатын. Алғашқыда бұл пікірмен тарихшылар келісе қойған жоқ. Шымкент жазба деректерде 14 ғасырдан бастап кездеседі. Қаланың тарихы одан 1500-1600 жыл бұрын басталған деген байлам жасау үшін жеткілікті дәлел керек еді. Алайда қаланың тарихи орнында Байтанаевтың жетекшілігімен жүргізген археологтар бұлтартпас жәдігерлерді тапты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентте отандық, шетелдік археологтардың қатысуымен өткен ғылыми конференцияда қаланың бұдан кемінде 2200 жыл бұрын пайда болғаны ресми түрде жария етілді.
- Қаланың тарихи орны-«Цитадель» нысанына жуырда «Көне қамал» деген атау берілді. Көне қамалдың тарихы өте тереңде жатыр. Ол осыдан мың жыл бұрын да болған. Қытайлық будда монахы, атақты саяхатшы Сюаньцзан оны жетінші ғасырда суреттеп жазған. Қаланы екі мың жылдан астам тарихы бар деген пікірмен кейбір азаматтардың келіспегені рас. Кешегі отаршылдық дәуірінен қалған «өзін өзгелерден төмен санау» психологиясы бізде әлі де бар,-деді ғалым.
Шымкенттің Орталық Азияда мәдениеті дамыған Самарқан, Бұхара сияқты қалалармен бір заманда пайда болған. Жергілікті өлкетанушылар арасында «қаланың іргетасын соғдылар қалаған» деген пікір де бар. Алайда Байтанаев мұның негізсіз екендігін айтып отыр.
- Біздің тұжырымымыз бойынша 2200 жыл бұрын Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүрген тайпалар осы жаққа қарай үдере көшкен. Оған Сырдария арнасының өзгереуі себеп болған. Ташкент, Отырар, Шымкент, Тараз сияқты қалалардың пайда болуы осы кезге сәйкес келеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ташкент қаласының екі мың жылдығы атап өтілді. Қазір өзбек ғалымдары қаланың тарихын тағы екі жүз жылға ұзартты. Олар өздерінің зерттеулерінде менің де еңбектеріме сүйенген. Дәл қазіргі уақытта Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар екендігі дәлелденді. Яғни, үшінші мегаполисті ғылыми негізге сүйене отырып Қазақстандағы ең көне қала деп айтуға болады,-дейді ғалым.