Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Шымкенттің 9 ғасырға дейін мәдени, сауда-саттығы дамыған қала болғаны анықталып отыр. Қытайдың атақты саяхатшысы Сюаньцзан сол заманда айналасындағы кішігірім қалалардың Шымкентке бағынатынын жазған.
-Тоғызыншы ғасырдан кейін Исфиджаб алдыңғы орынға шықты. Қала мың жылға жуық уақыт Исфиджабтың көлеңкесінде қалып қойды. 18 ғасырдан бастап Сайрамның дамуы құлдырады, енді Шымкент жетекші қалаға айналды. Шымкент жазба деректерде Шарафаддин Иездидің Ақсақ темірдің жорықтары туралы жазған «Жеңіс кітабында» ұшырасады. Кітапта жалайыр тайпасынан шыққан қолбасшы Бахрамның Жетісуға кетіп қалғаны, ал қару-жарақтары мен арбаларының Шымкенттен табылғаны жазылған, -дейді белгілі археолог-ғалым Бауыржан Байтанаев.
Шымкенттің тоғызыншы ғасырдан бастап тоқырауға ұшырауына не себеп? «Цитадельде» жүргізілген қазба жұмыстары қалада үлкен өрттің болғанын дәлелдеп отыр.
-Жалпы осы уақытқа дейін Шымкентте үш үлкен өрттің ізі табылған. Тоғызыншы ғасырда Саманилер мемлекетінің билеушісі Исмайыл Самани Шымкент, Сайрам, Тараз қалаларында шабуыл жасады. Жергілікті халықтың арасында ислам дінін таратқан. Шымкент осы шапқыншылық кезінде көп зардап шеккен. Қаланың көлемі кішірейген,-дейді Б.Байтанаев.
Мыңдаған жылдар бойы бірге дамыған, Орталық Азиядағы өзіндік мәдениеті, өзіндік орны бар қос қала –Шымкент пен Сайрам қазір бір мегаполистің аумағында жатыр. «Сансыз баптардың мекені» атанған Сайрам да Шымкенттің туристік әлеуетін дамытуға зор серпін берерін анық.
-Сайрамның көне тарихы аңыздармен өрілген. Алайда біздің міндетіміз осы аңыз бен ақиқатты ажырату. Сайрамның 3 мың жылдық тарихы бар деген пікірмен ғылыми тұрғыдан келісу қиын. Қазба жұмыстары кезінде қаланың бірнеше жерінен мәдени ошақтар табылды. Тоғызыншы ғасырдан оның мәдени өрлеуі басталады. Исфиджаб Қазақстанда ислам дінін қабылдаған алғашқы қалалардың бірі. Ол мұсылман дінін таратушылардың негізгі тірек-қамалы болған. Тарихи деректерде қала қорғанының өте мықты екендігі жазылған. Қала тұрғындарына «олар қала сыртында ешкі сияқты, ал қамал ішінде жолбарысқа ұқсайды» деген сипаттама берілген. Осы мәліметтерден қала қорғанысының қаншалықты мықты болғандығын байқауға болады,- дейді Байтанаев.